«ОТБАСЫНДАҒЫ ЗОРЛЫҚ ЗОМБЫЛЫҚСЫЗ ҚАЗАҚСТАН» АТТЫ ЖОБА ҚОЛҒА АЛЫНДЫ
Бүгінде тұрмыстық зорлық-зомбылық көбеймесе азаймай отыр. Осыған байланысты Қазақстанның бас прокуратурасы «Отбасындағы зорлық зомбылықсыз Қазақстан» атты алғашқы жобаны қолға алды.
Қанатқақты жоба алғаш болып Оңтүстік Қазақстан облысында іске асырылмақшы. Бұл орайда неге Оңтүстік Қазақстан облысы деген сұрақтың туындауы заңды. Себебі, аталған өңірде зорлық-зомбылық күн өткен сайын артып отыр. Былтыр тұрмыста теперіш көргендерге қатысты 500 факті тіркелген. Күніне 12 әйел отағасынан зәбір көреді екен. Бірақ, ағайын-туғанының сөзінен аяқ тартып, ашық жариялайтындар аз көрінеді. Өткен жылы отбасындағы қылмыс салдарынан 36 әйел, 1 бала қайтыс болған. Күнгейде балаларға жасаған жыныстық зорлықтың 74 пайызы таныстарынан, 22 пайызы әкелерінен зорлық көрген. Азапқа шыдай алмағандардың арасында 4-мыңға жуық әйел, 586 бала өз өзіне қол жұмсаған. Соның салдарынан 742 әйел өлім құшып, 175 жасөспірім қыршынынан қиылған.
Осы және өзгеде себептерді ескеріп Қазақстанның бас прокуратурасы аталған жобаны қолға алған. Жоба жетекшісі Салтанат Тұрсынбекова зорлық-зомбылықтың алдын алуға жұрт болып жұмылуға шақырды.
«Бұл «Жол картасында» үш бағытта ең өзекті проблемаларды анықтап, оның оңтайлы, тиімді жолдары белгіленді. Біріншіден, зорлық-зомбылықпен күрестің тиімділігін бүгін ешкім бағалап отырған жоқ. Ана мен баланы қорғауға барлық органдар тікелей қатысуы керек» деді ол.
Жаңа жоба тұңғыш болып, түстік облыста сынақтан өтеді. Өйткен, мұнда халық саны басым. Әр түрлі ұлт өкілдері де көп шоғырланған. 54 пунктен тұратын жаңа жобаны Министрлік өкілдері мен прокуратура қызметкерлері 1 ай бойы насихаттайды.