«Нұрлы жол» - болашақтың инфрақұрылымы
ҚР АКМ «Орталық коммуникациялар қызметі» РММ және «Қазақстан 2050» жалпыұлттық қозғалысы 2017 жылдың 5 маусымында «Нұрлыжол» инфрақұрылымдық бағдарламасын жүзеге асыру мен оның Қытайдың «Жаңа Жібек жолы» стратегиясымен түйіндесу потенциалының жалпыұлттық талқылауын өткізді.
Бұл сауалды қоғам, саяси және мемлекеттік қайраткерлердің қатысуымен кең ауқымда талқылау «Нұрлы жол» бағдарламасы жұмысының аралық нәтижесін әділ бағалауға, сондай-ақ экономика үшін кешенді, мультипликативтік нәтижеге қол жеткізу мақсатында бағдарламаның «Жаңа Жібек жолы» стратегиясымен өзара әрекеттесу мүмкіндіктерін анықтауға жағдай жасады.
Негізгі талқыланған тақырыптар: республиканың транзиттік-көлік әлеуетінің дамуы мен оның халықаралық көлік жүйесімен бірігуі; Қазақстан өңірлерінде бәсекеге қабілетті индустриалды инфрақұрылымды құру; кәсіпкерлікті қолдау және оның өсіп келе жатқан бәсекелестік шарттарына бейімделуі; қазақстандық экспортты дамыту және қолдау.
«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып отырған барлық инфрақұрылымдық жобалар, бірінші кезекте қазақстандықтар өмірінің сапасын барлық жағынан жақсартуға бағытталады. Дамыған, сапалы ұлттық көлік жүйесі ел ішінде жерүсті көлікпен жылдам, жайлы және қауіпсіз қозғалуға мүмкіндік береді», - деп көрсетті өз сөзінде «Қазақстан 2050» Жалпыұлттық Қозғалысы Кеңесінің төрағасы Мұхтар Манкеев.
Өз кезегінде ҚР Парламент Мәжілісінің Депутаты, ҚР Парламент Мәжілісінің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Бақтияр Мәкен көліктік-логистикалық инфрақұрылымының даму жоспарымен бөлісті.
«Көліктік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту шеңберінде ұзындығы 7 мың шақырымнан асатын 12 автожол жобасы, ұзындығы 124,8 шақырымды құрайтын 2 темір жол жобасы, сондай-ақ «Құрық» портындағы паром өткелінің құрылысын жүзеге асыру көзделген», - деп хабарлады Бақтияр Мәкен.
Талқылау «Қазақстан 2050» жалпыұлттық қозғалысының «Жалпыұлттық талқылау» жобасын жүзеге асыру аясында өтті. Диалогқа ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Бақтияр Мәкен; «KAZLOGISTICS» Қазақстан Көлік Одағы төрағасының орынбасары Юрий Лавриненко, Атамекен ҰКП Көліктік логистика кіші комитетінің төраға орынбасары Ерхат Исқалиев, ҚР ИДМ Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Амангелді Беков, «Қазақстан 2050» Жалпыұлттық Қозғалысы Кеңесінің төрағасы Мұхтар Манкеев қатысты.