МҮГЕДЕКТЕРГЕ ҚОЛЖЕТІМДІ ОРТА ҚАЛЫПТАСТЫРУ ҚАДАМДАРЫ
Елбасы Н.Ә.Назарбаев мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғам өміріне белсенді араласуына жағдай жасап, олардың құқықтарының қорғалуы төңірегінде заңнаманың сақталуын барлық құзырлы органдарға міндеттеген болатын. Осы тұрғыда «Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалы мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өмір сапасын арттыруға бағытталған «Кедергісіз келешек» жобасы аясында әлеуметтік бейімделген бірқатар нысандарға бақылау жасады. Бұл туралы партияның ресми сайтында жарияланды.
Бақылаудың мақсаты – ғимараттың әлеуметтік инфрақұрылымына қоғамдық-партиялық мониторинг жүргізу арқылы, барлық топтағы мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін қолжетімді орта қалыптастыру.
Бұл жолы комиссия нысанаға мемлекеттік мекемелер соның ішінде құқық қорғау органдарын алды. Мониторинг жүргізу барысында Қызылорда қалалық ішкі істер басқармасының, Қызылорда облысының Төтенше жағдайлар департаменті, Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің кедендік бақылау басқармасы қызметтерінің мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін қолжетімділігі зерделеніп, пандустардың талапқа сай еместігі, дабыл шақыру түймесінің істемей тұрғандығы секілді кемшіліктерге ескерту мен тиісті ұсыныстар айтылды.
- Соңғы 5 жылда облыста 837 нысан мүгедектерге қолайлы етіп бейімделген. Алайда олардың жәй-күйі рейдттік тексерістер барысында анықталып жатыр. «Нұр Отан» партиясы филиалдары жанынан құрылған қоғамдық бақылау комиссиялары атылмыш нысандардың 300-н ағымдағы жылы тексеруді жоспарлады. Нақты кезеңде оның 114-і қадағалаудан өтті, - дейді. облыстық партия филиалы саяси жұмыстар бөлімінің меңгерушісі Алтынбек Жарылқасынов.
Бөлім басшысының айтуынша, бақылау жүргізілген 114 нысанның 56-ы ғана талапқа сай болып шыққан. Қалған 57-і көңіл көншітпейді. Оның 44–і мемелекеттік, ал 12-і кәсіпкерлік нысандар.
Өңірде мүмкіндігі шектеулі жандардың құқықтарын қорғау, өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында 2016-2017 жылдарға арналған «Жол картасы» қабылданған. Оның орындалуын бақылау нұротандықтарға жүктелген.
- Бүгінде партия филиалдары жанынан құрылған Қоғамдық бақылау топтарымен бақылау жұмыстары тұрақты жүргізіп жатыр. Нәтиже жаман емес. Мұнан зор үміт күтеміз, - дейді комиссия мүшесі, облыстық мүгедектер қоғамының төрағасы Мұрат Жұмаділлаев.