«НҰРБЕРЕР» НЫҒАЙЫП КЕЛЕДІ
Жыл басынан бері Қармақшыдағы шаруа қожалықтары «Қорқыт елі» несие серіктестігі ЖШС арқылы 16,3 млн. теңгеге, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы 7 млн. теңгеге 125 бас сиыр, 10 бас асыл тұқымды бұқа сатып алды. Ал, бүгінгі уақытта аудан бойынша тіркелген 38 шаруа қожалығында 2260-тан астам бас сиыр тұқымдық түрлендіруге қатыстырылуда.
Мемлекет қолдауы арқылы мал шаруашылығын өркендетіп отырған шаруашылықтың бірі «НұрБерЕр» шаруа қожалығы.
2013 жылы Батыс Қазақстан облысынан қазақтың ақбас тұқымды сиырын алдырып, жұмысын бастаған «НұрБерЕр» қожалығы қазір ауқымын ұлғайта түсті. Сонымен қатар, өткен жылдың басында Ақмола облысынан 5 асыл тұқымды бұқа сатып алды.
–Еңбек-елеусіз қалмайды, жуырда қожалық бақташысы Берік Мұхтарбаев Жаңақорған ауданында өткен облыстық ІІІ малшылар слетінде ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісімен марапатталды. Бұл құрмет Берікке ғана емес, қожалық мүшелерінің еселі еңбектеріне көрсетілген құрмет деп білеміз, – дейді қожалықтың басқарушысы Ержан Бисенбаев.
Ауданда «НұрБерЕр» секілді мемлекет демеуімен нығайып келе жатқан шаруашылықтар көп.