БАҒДАРЛАМАЛАР БЕРЕКЕГЕ АЙНАЛДЫ
Соңғы жылдары Арал өңірінде мал басының өсімі байқалады. Өндірісті өңірде өрісті толтырар төрт түлік түрі көбейе түскен.
Өткен жылы аудандағы 5 шаруашылық «Сыбаға» бағдарламасы аясында «Арал Ырысы» несие серіктестігі арқылы 143 сиыр, 8 бұқа сатып алды.
Мал шаруашылығын өрістетем дегендер басқа да бағдарламалардың игілігін көріп отыр. Мысалы, «Алтын асық» бағдарламасы бойынша 9 шаруашылық несие рәсімдеп, 510 қой мен 27 асыл тұқымды қошқар сатып алған.
Аралда Қамбар ата тұқымын молайтуға да талпыныс бар. «Құлан» бағдарламасы бойынша 9 шаруашылық 170 бас бие мен 18 асыл тұқымды айғыр сатып алуға қол жеткізді.