КІШІ ТЕҢІЗДІҢ ҮЛКЕН МҮМКІНДІГІ
Айдынын толтырған Аралдың табаны көрініп, оның зардабын бүкіл әлем сезіне бастаған тұста да шалқар жағасын мекендеген байырғы жұрт бір кереметке сенді. Көбі атамекенінен кіндігін үзбей, көк толқынды көзбен ұзатып салып туған жерде қала берді. Олардың үміттері орындалды да. Елбасы бастамашы болған САРАТС жобасы тартылған теңізді тірілтті.
Бүкіл әлемнің назарын аударған Арал проблемаларына арналған алғашқы халықаралық конференция 1993 жылы Қызылорда қаласында өткен. Онда Орталық Азия мемлекеттерінің басшылары мен Ресей үкіметінен келген делегация БҰҰ мен Дүниежүзілік Даму банкіне Арал проблемасын әлемдік қауымдастықтың талқысына салу туралы айтты. Сонымен бірге халықаралық «Арал теңізін құтқару қоры» құрылды. «Ғасыр жобасы», «Дүниенің сегізінші кереметі» деп атап жүрген САРАТС жобасының алғашқы сұлбасы сол кезде жасалды. Бүгін оның нәтижесін ел көріп отыр.
Дүниежүзілік банктің қолдауымен жүзеге асырылған САРАТС жобасының 1-кезеңінде біршама толымды тірліктер атқарылды. Қазіргі таңда Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау жөніндегі жобаның бірінші кезеңі аяқталған. Жоба барысында теңіз деңгейі 42 метрге көтерілді. Қолға алынған шаралар нәтижесінде Арал өңірінің солтүстігіндегі су мөлшерінің ортаймауына жағдай жасалды. Айталық, 2005 жылы құрылысы басталаған «Көкарал» бөгеті теңіздің солтүстік бөлігінің су мөлшерін 68 пайызға жоғарылатты.
Елбасының тікелей тапсырмасымен жүзеге асқан, ғасыр жобасы атанған «САРАТС» жобасының бірінші кезеңінің жүзеге асуы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына зор мүмкіндік берді. Жалпы жобаның алғашқы кезеңінде «Көкарал» бөгеті мен «Ақлақ» және «Қараөзек» арнасы, «Әйтек» су торабында су құрылғылары кешені, Сырдария өзені бойында су тасқынына қарсы қорғаныс бөгеттері мен Ақсу елді мекенінің тұсындағы өзен арнасын реттеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, «Қызылорда» және «Қазалы» су торабы мен «Шардара» және «Арнасай» тоспаларын жөндеу жұмыстары жүзеге асырылды. Соның арқасында аймақтың экологиялық ахуалы айтарлықтай жақсарып, облыстың әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамуына жол ашты. Арал теңізіне түсетін судың көбеюі өңірдегі тіршіліктің қайта жандануына әкелді. Суармалы жерлердің сумен қамтамасыз етілуі жақсарды. Бұл өз кезегінде көлемі 20-30 мың гектардан асатын бірнеше ірі көлдердің қалпына келуіне, балық шаруашылығының дамуына мүмкіндік берді. Балық аулау көлемі күрт артты. Теңіз Арал қаласына 75 шақырымнан 17 шақырымға дейін жақындады.
Қазір ауданда 8 бірдей балық зауыты жұмыс істеп тұр. Өткен жыл бедерінде теңізден 7100 тонна балық ауланып, 4057 тонна балық өңделген, әрі тұрақты түрде Еуропа мемлекеттеріне экспортталуда.