МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕР – ТӘУЕЛСІЗДІК ТҰМАРЫ
Бүгін Жалағаш кентіндегі Рәміздер алаңында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Рәміздерінің 25 жылдығына арналған мерекелік салтанатты жиын болды. Әуелі спорт, мәдениет және білім саласындағы үздіктерден жасақталған топ 25 көк байрақты көтеріп жүріп өтті. Велошерушілер де көк туды жоғары көтеріп, тәуелсіздік тұмарына құрмет танытты. Шерушілер Рәміздер алаңына жеткен сәтте жергілікті өнерпаздар концерті басталды. Мерекелік шараны аудан әкімінің орынбасары Ж.Тажмаханов ашып, жиылған жұртшылықты Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Рәміздеріне 25 жыл толуымен құттықтады.
- Саяси тәуелсіздік пен мемлекеттік егемендіктің бірегей белгілері болып табылатын рәміздер – барша қазақстандықтар үшін тәуелсіздік тұмарындай. Елдік белгілер – ел үмітінің шырағданы, Тәуелсіздігіміздің тұмарына айналған, мемлекеттік рәміздеріміздің 25 жылдығы құтты болсын. Әнұранымыз әлемге әйгіленіп, елтаңбамыз елдігімізді айқындап, ордалы Отанымыздың көтерген көк туымыз көгімізде желбірей берсін,- деген ізгі лебізін білдірді.
Шара барысында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні орындалды. «Арай» халықтық мәдени-үгіт тобы өнер көрсетті. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілер ант қабылдап, Қ.Қазантаев атындағы аудандық мәдениет үйінің көркемөнерпаздары патриоттық әндерді көрермен назарына ұсынды.