«КӨКНӘР-2017» ЖЕДЕЛ-ПРОФИЛАКТИКАЛЫҚ ІС-ШАРАСЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ
Бүгін Қызылорда облысы әкімдігінде «Көкнәр – 2017» жедел-профилактикалық іс-шарасын қорытындылаған жиын өтті. ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары, полиция генерал-лейтенанты Марат Демеуовтің төрағалығымен өткен жиынға облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлейменов, ҚР ІІМ Есірткі бизнесіне қарсы күрес департаментінің бастығы, әділет генерал-майоры Сұлтан Құсетов, басқа да құқық қорғау органдары өкілдері қатысып, есіркі айналымының жолын кесудегі жұмыстар жайын сарапқа салды.
Заңсыз есірткі айналымының жолын кесуді ұйымдастыру Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің үнемі назарында тұрған мәселе.
Соңғы кездері Жамбыл облысының Шу алқабы жабайы сора өсімдігінің таралу аумағына айналса, сора өсімдігін егіп-өсіру Қызылорда облысында да айқын көрініп тұр. Сондықтан да жыл сайын республика көлемінде өткізілетін «Көкнәр» жедел профилактикалық іс-шарасында оңтүстік аумақтарға баса назар аударылады.
Жоғарыда аталған үрдістерді ескере отырып құрамында есірткі заты бар өсімдіктерді егіп-өсірудің алдын алуға бағытталған бірлескен жедел-профилактикалық іс-шараларды өткізу жайлы жоспар бекітілді. Премьер-министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі А.Мырзахметов пен ішкі істер министрі Қ.Қасымов қол қойған жоспарда Қызылорда облысы және соған іргелес жатқан өңірлерде жүйелі әрі көпбағытты жұмысты ұйымдастыруға бағытталған.
Осыған орай, аталған шараға тек құқық қорғау органдары ғана емес, сонымен қатар Ақтөбе, Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің құзырлы қызмет салалары жұмылдырылады.
Іс-шараның нәтижелігін арттыру мақсатында, оның ішінде сора егетін және оларды егуге қолайлы аумақтарды анықтау бағытында алдын алу шараларын қамтамасыз етуге жергілікті атқарушы органдардың құзырындағы орман шаруашылығы, жерді пайдалану, қорықшы қызметі, аңшы алқаптары қызметкерлері жұмылдырылды.
Осыған сәйкес, олардың басты міндеті – бақылауындағы аумақтардағы марихуана егуге арналып заңға қайшы қолданылып жатқан жерлерді үнемі бақылап отыру болып табылады. Осындай деректерді анықтаған жағдайда дереу түрде ішкі істер органдарына хабарлау бағытында да шаралар қабылдануда.
Жоспарланған іс-шаралардың нәтижелілігін жоғарылату мақсатында Қызылорда облысы Ішкі істер департаментінде «Дельта-Сырдария» бөлімшесі құрылды. «Көкнәр – 2017» жедел профилактикалық іс-шарасын жүргізу кезіндегі оның басты мақсаты құрамында есірткі заты бар өсімдіктерді анықтау, осындай деректерге қатысты келіп түскен хабарламаларға дереу түрде ден қойып, барлық құзырлы қызмет салаларымен осы бағыттағы жұмысты үйлестіру болып табылады.
Аталған құрылымның жұмыс сапасын жоғарылату мақсатында осында ай сайын басқа облыстардағы Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының, Ұлттық Ұланның «Бүркіт» арнайы жасағы қызметкерлері іссапармен жіберілетін болады.
Жеке құрамды орналастыру үшін арнайы ғимарат бөлінуі, қажетті тұрмыстық жағдай қалыптастырып, автокөлік және жүріп өту мүмкіндігі жоғары техникалармен жарақтандыруы қамтамасыз етілуде.
Бұдан бөлек, заңсыз есірткі алқаптарын анықтау үшін Ұлттық Ұланның тікұшақтары қолданылатын болады.