ПАТША МҰРАГЕРІНІҢ ӘЙЕЛІ БОЛҒАН 101 ЖАСТАҒЫ ҚАЗАҚ ӘЖЕЙ АҚШ-ТА ҚАРТТАР ҮЙІНДЕ ТҰРЫП ЖАТЫР
Әсия Сардарбек әжей өткен жылдың 30-жылдарында елді тастап қашуға мәжбүр болған. 101 жастағы қазақ әжей қазір Америкадағы қарттар үйінде тұрып жатыр.
Бұл туралы Алматы телеарнасы хабарлайды.
Американың Вирджиния штатында тұратын қазақ әжей әлі күнге ана тілінде сөйлейді. Ол күн сайын қазақ жерін сағынатынын айтады.
Әсия әжей Вирджиния штатында 40 жылдан бері тұрады. Ізіне Кеңес билігі түскен соң ол әкесімен бірге Отаннан қашқан. Шуда белгілі әулет болған бұлардың әкесі елге сыйлы,ауқатты адам болған. Бірақ коммунистер билігі орнап, елдің ардақтыларына қысым күшейе бастағанда Сардарбектер отбасы шекара асады. Жол бойы небір қиындыққа кезігіп аш қалған олар алдымен Қарақалпақстанға жетеді. Кейін Әмудария арқылы Ауғанстанға кетеді.
15 жастағы Әсияға 200 жылдық тарихы бар патша әулетінен шыққан азаматтың көзі түседі. Әсияның әкесі қызын ауған патшасы Захиридің мұрагері Амири Мұхамедке тұрмысқа беруге мәжбүр болады. Бұл патша елге 40 жыл билік еткен.
«Анам 10 баланы өмірге әкелді. Қазір олардың бесеуінің көз тірі. Ол кезде тұрмысымыз жақсы болатын. Қызметшіміз де болды. Анамның анасын көргем, атамды көрмеппін. Анам өзге елдің адамы болғанымен отбасымызда бәрі оны жақсы көретін. Өйткені ол бәріне мейірбан еді. Алайда кеңес әскерлері басып кірген соң, ел билеушісі Дәуіт хан көз жұмды. Ол Захир шахтың бауыры еді. Сосын біз Ауғанстаннан бас сауғалап кетуге мәжбүр болдық. Ол кезде 13 адам едік», – дейді әжейдің қызы Әмина Амири Рахман.
1982 жылы Әсия әжей патша отбасының мүшелерімен бірге Түркияға, одан кейін Германия арқылы АҚШ-қа жетеді. Қазір әжей қарттар үйінде тұрып жатыр. Оған ерекше күтім керек екені де жасырын емес. Жергілікті билік өкілдері құрмет ретінде әжейге пәтер мен қызметші адам табыстап қойған.