ШЕГІРТКЕГЕ ҚАРСЫ КҮРЕС КҮШЕЙЕДІ
Облыс аумағында кездесетін италиялық прус және азиялық шегіртке зиянкестеріне қарсы химиялық өңдеу жұмыстары республикалық бюджеттен қаржыландырылып, 154 325 гектар алқап өңдеуден өтеді. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Қызылорда облысы аумақтық инспекциясының басшысы Еркебұлан Бекжанов мәлімдеді.
Биыл облыс бойынша италиялық прус зиянкестеріне қарсы 68 378 гектар, ерекше қауіпті азиялық шегіртке зиянкестеріне қарсы 84947 гектар жер өңделеді. Сондай-ақ, ерекше қауіпті шегіртке зиянкестеріне қарсы республикалық бюджет есебінен 11757 литр пестицид бөлініп, барлық аудандарға жеткізілген.
Инспекция басшысының мәліметіне сәйкес шегірткеге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары 27 мамырдан бастап жүргізілуде.
- Үкімет қаулысымен бекітілген тізімге саяқ шегірткелер де енгізілген. Оған қарсы 40 571 гектар жер химиялық өңдеуден өтті. Ол жұмыстарға 10 арнайы жер агрегаты және 2 аса жеңіл ұшақ қатыстырылуда. Жалпы облысқа қарасты барлық аудандардың аумақтық инспекциялары химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізетін арнайы техникалармен толығымен қамтамасыз етілді. Қазір облыс бойынша 4 аса жеңіл ұшақ, 8 арнайы жер агрегаты және 11 арнайы бүріккіш жер агрегаттары бар, - деді ол.