ҚЫЗЫЛОРДАДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАЛАЛАРДЫ ҚОРҒАУ КҮНІ АУҚЫМДЫ АТАП ӨТІЛДІ
1 маусым Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ибадулла Құттықожаев «Атамекен» отбасы үлгісіндегі балалар ауылында болып, балғындардың құттықтады.
- Бүгінгі ұрпақ - ертеңгі ел үміті. Сондықтан да сіздер бір әулеттің баласындай тату-тәтті өмір сүріп, үлкенге - құрмет, кішіге - қамқор бола біліңдер. Тәуелсіз еліміз барда, сендер ешқандай да қиыншылық көрмейсіңдер. Бастысы аналарыңның айтқанын екі етпей, сапалы білім алып, еліміздің дәулетті, жеріміздің сәулетті болуы үшін өз үлестеріңізді қосуларыңыз керек, - деді Ибадулла Құттықожаев.
Мерекелік шара аясында облыстық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ибадулла Құттықожаев ауыл түлектерін рухани жаңғырудың өркениетті көшіне ілесіп, Елбасы армандаған «Мәңгілік Елдің» іргесін нық қалайтын зияткер ұрпақ болауға шақырып, партия филиалы атынан арнайы сый-сияпат табыстады.
- Балалар үшін жасап жатқан Елбасы қамқорлығына алғысымыз шексіз. Ешқандай сөзге теңеусіз жасалған «Атамекен» ауылында тек балалардың сыңғырлаған күлкісі мен бақытты балалық шақтың куәгері болатынымызға сеніміміз мол. Біздің әрқайсымыз елдің мақтан тұтар азаматы болуға, осында алған үлгілі тәртібіміз бен сапалы біліміміз арқылы еңбектеріңізді қайтаруға уәде береміз, - деді балалар ауылының түлегі Саида Алексеева.
Айта кетерлігі, балалар ауылындағы әрбір үйге демеушілік, қамқорлық жасау мақсатында мұнай компаниялары мен білім беру ұйымдары бекітілген. Олар да мереке күні әрбір жеткіншекке өздерінің сыйлықтарын тапсырды. Мерекеге орай түрлі концерттік бағдарламаларын қойып, әр үйдің тұрғындары өз өнерлерін көрсетті.