ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КӨРМЕДЕ ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ 6 ИННОВАЦИЯЛЫҚ ЖОБА ҰСЫНАДЫ
10 маусым күні Астанада ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі ашылады. Елордада өтетін ЭКСПО-ның тақырыбы: «Болашақ энергиясы» болмақ.
Халықаралық көрмеде Қызылорда облысы 6 инновациялық жоба ұсынады. Олар: «Қызылорда қаласында ескі автокөлік дөңгелектерін қайта өңдеу (қалпына келтіру) арқылы резеңке ұнтақтары мен жер асты суару түтіктерін шығаратын өндірісін ұйымдастыру» жобасы. «Қызылорда облысында күніне 50 МВт электр энергиясын шығаратын Байқоңыр күн электр станциясын салу» жобасы. «Қызылорда қаласындағы тұрмыстық қатты қалдықтарды басқару саласын жаңғырту» жобасы. «Қызылорда облысында суармалы жүйе технологиясын пайдалану арқылы алқапты көгалдандыру» жобасы. «Құрамында сынабы бар электрүнемдеуші шамдарды жинау және залалсыздандыру» жобасы. «Қызылорда қаласында табиғи газбен жүретін автобус паркін ұйымдастыру» жобалары. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының орынбасары Азамат Досжанов мәлімдеді.
Көрме уақытында біздің облыс Астананы 7 608 тонна өніммен қамтуы тиіс. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Бақыт Жақановтың айтуынша, осыған дейін күріш пен балықтың алғашқы партиясы жіберілді. Астаналықтар Жаңақорғанның қауын-қарбызынан 27 шілдеден кейін дәм тата алады. Сырбойылықтардың сәлемдемесі Алай базарында сақталып, сатылады.
– 3-4 маусымда Атырау, Батыс Қазақстан облыстарымен бірлесіп жәрмеңке өткіземіз. Мұндай жәрмеңкелер 15-16 шілдеде, 5-6 тамызда, 16-17 қыркүйекте де ұйымдастырылады, – деді басқарма басшысы.
Брифинг барысында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Жанат Құрамысова Астанадағы Қызылорданың өнері мен мәдениет күндері аясында өткізілетін іс-шаралармен таныстырды.
- Көрме өткізілу кезеңінде «Астана – Байқоңыр – Астана» және «Алматы – Байқоныр – Алматы» бағытында жүйелі түрде қатынайтын әуе рейстерін ашу жоспарланып отыр. «Байқоңыр» ғарыш айлағына туристерді тарту мақсатында отандық туроператорлармен жұмыс жүргізілуде. Олардың мәліметі бойынша көптеген шетелдік туристер (Англия, Германия, Қытай) «Байқоңыр» ғарыш айлағын көруді жоспарлап отыр, - дейді «EXPO-2017» ресурстық орталығының директоры Жандос Тұсмағамбетов.