КӨК АСПАНДА КҮН КҮЛСІН, БІРГЕ КҮЛСІН БҮЛДІРШІН
Бүгін қазалылық балалар мен олардың ата-аналары Орталық алаңда Халықаралық балаларды қорғау күнін атап өтті. Онда балалар үшін әр түрлі байқаулар, жарыстар, балалардың орындауында концерттер ұйымдастырылды.
Балаларды халықаралық мерекемен аудан әкімі Нажмадин Шамұратов құттықтады.
Мерекеде балабақша тәрбиеленушілері өз өнерлерін көрсетіп, сурет салудан сайысқа түсті. Шара мектеп оқушыларының мерекелік шеруіне ұласты.
Айта кетейік, биыл Қазалы ауданындағы «Шағала» лагерінде 6 ауысым ұйымдастырылып, 840 бала демалады. Оның ішінде, әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасыдан шыққан 410 баланы аталмыш лагерде демалдыруға 5 млн 300 мың теңге қаржы бөлінді. Сондай-ақ, «Шағала» балаларды сауықтыру демалыс орталығының ақылы ауысымына демалдыруға жергілікті бизнес өкілдері де өз үлестерін қосып келеді. Биыл да кәсіпкерлер 280 баланың демалуына атсалыспақ.
Сонымен қатар, мектептер жанындағы көркейту-көгалдандыру және құрылыс жасақтарына 2931 бала, Астана қаласындағы «ЭКСПО-2017» көрмесіне 774 бала, облыстан тыс қалаларға саяхат жасауға 3560 бала, аула клубтары мен спорт алаңдарына 2406 жасөспірім жіберіледі.
Бекзат АМАНОВ