ҚАЗЫЛАР АЛҚАСЫНЫҢ ҚҰРАМЫ БЕКІДІ
Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі Алан Әжібаев, «Қазконтент» АҚ Басқарма төрағасы Е.Кочетовтың қатысуымен «Баспасөз, радио, интернет-журналистика саласындағы «Үркер-2017» ұлттық сыйлығының сараптамалық қазылар алқасының құрамын бекітуге байланысты отырыс өтті. Ұлттық сыйлыққа қатысуға өтініштерді қабылдау мерзімі 2017 жылдың 10 маусымына дейін ұзартылып отыр.
Брифингте Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ журналистика мәселелерін зерттеу институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Н.Омашев, мемлекет және қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбеков, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ Журналистика және саясаттану факультетінің деканы, филология ғылымдарының кандидаты Қайрат Сақ, «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысы кеңесінің төрағасы Мұхтар Манкеев, «Нұр Отан» партиясының Саяси талдау және стратегиялық зерттеулер орталығының директоры, әлеуметтік ғылымдар кандидаты Юлия Кучинская, «Қоғамдық келісім» РММ директоры Александр Тараков, белгілі саясаттанушы Расул Жұмалы мен қоғам белсендісі Мұрат Әбенов, журналист Мейрамхан Жәпек пен әдебиет сыншысы Амангелді Кеңшілік сыйлыққа ұсынылған жұмыстарды сарапқа салатын қазылар алқасының құрамына енгендігі де жария етті.
Сыйлықтың жүлде қоры – 15 миллион теңге. 15 номинация бойынша әрбір жеңімпаз 1 000 000 теңгеден алатын болады!
Баспасөз, радио және интернет-журналистика саласында қалам тербеп жүрген қауымға арналған мәртебелі сыйлыққа қатысуға жетінші мамырдан бастап 300-ден аса өтініш қабылданғанын атау қажет. Үміткерлер әсіресе «Үздік сұхбат», «Үздік фотосурет», «Үздік репортаж» аталымдары бойынша бақтарын сынап көруге пейілді.
«Журналистикадағы дебют», «Үздік республикалық баспа басылым», «Үздік жыл журналы», «Үздік өңірлік баспа басылым», «Қазнеттегі медиасерпін» номинациялары бойынша үміткерлер саны аз болып отыр.
Сыйлықтың лауреаттарын марапаттау рәсімі байланыс және ақпарат қызметкерлерінің кәсіби мерекесі – 28 маусым күні салтанатты жағдайда өтеді.