«АТАМЕКЕН» АУЫЛЫНЫҢ БАЛАЛАРЫ ЭКСПО КӨРМЕСІН ТАМАШАЛАУҒА БАРАДЫ
«Атамекен» бабалар ауылы өз тәрбиеленушілеріне арнап «Қанатына ақ арманның мінеміз, Ғажайып саз әлеміне енеміз» атты мерекелік іс-шара ұйымдастырған. Бұл туралы Қызылорда облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Өткен жылы 1 маусым қарсаңында департамент қызметкерлері Атамекен ауылының 45 жас тұрғынын көркемсурет галереясына шақырып, «Қазақстан – Мәңгілік ел» тақырыбында сурет конкурсын ұйымдастырған болатын. 8 отбасына кітаптар жинағын, 45 балаға жаздық аяқ-киім сыйлаған еді.
Биылғы мереке алдында осы ауылдан Астанада өтетін ЭКСПО көрмесіне баратын балалардың жетекшілеріне ақшалай көмек көрсетілді. Қаражат аударған Арал, Қазалы, Сырдария, Қармақшы аудандары мен Қызылорда қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының қызметкерлері. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 56 баланы 8 отбасына біріктірген «Атамекен» деп аталатын ауылдың директоры Лиза Искакова. Лиза «Атамекенге» қайырымдылық танытқандарға балалар ұжымы атынан ризашылық білдірді.