КӨЛІКТЕР ТЕХНИКАЛЫҚ БАЙҚАУДАН ЗАҢСЫЗ ӨТКЕН
Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде Қызылорда облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясының басшысы Ержан Жолдасов БАҚ өкілдеріне баспасөз мәслихатын өткізді. Онда механикалық автокөлік құралдарының міндетті техникалық байқаудан өту барысы мен жүргізілген іс-шаралардың нәтижесі баяндалды.
Автокөліктерді міндетті техникалық байқаудан өткізу ҚР ІІМ-ның құзыретінен 2012 жылдан бастап бәсекелестік ортаға берілгендігі белгілі. Ал, Көлік комитетінң құзырына техникалық байқау орталықтарының тізілімін жүргізу жүктелген. Қызылорда облысында тіркелген 137 мың автокөліктің 5230-ы автобустар мен шағын автобустар. Олар жылына екі рет техникалық байқаудан өтуге міндетті. Шыққан жылын қоса алғанда жеті жылға дейін 18 мың жеңіл автокөлік техникалық байқаудан өтуге жатпайды.
- «Техбайқау» бірыңғай ақпараттық жүйесінің мәліметіне сәйкес соңғы жылдары механикалық автокөлік құралдарының міндетті техникалық байқаудан өтуі азайған. Осы проблемалық мәселенің шешімін табу үшін 8 құзырлы мемлекеттік мекемемен келісіп облыс әкімімен іс-шара жоспары бекітілген болатын. Бірлескен іс-шараның аясында аудандар мен қала орталығында рейд ұйымдастырылды. Нәтижесінде техникалық байқаудан өтпеген 1338 автокөлік анықталып, олардың жүргізушілері әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, жолаушыларды тасымалдауды жүзеге асыратын 30 автокөлік иесінің жалған диагностикалық карталарды пайдаланғаны белгілі болды. Іс-шараға дейін күніне орта есеппен 90-95 автокөлік техникалық байқаудан өтсе, бүгінгі күні байқаудан өтетін автокөліктердің саны орта есеппен күніне 140-145-ке жетіп отыр, - дейді инспекция басшысы.
Айта кетейік, Қызылорда облысында 14 техникалық байқау орталығы қызмет көрсетеді. Оның бесеуі Қызылорда қаласында, екеуі Байқоңыр қаласында, Арал, Шиелі аудандарында екі орталық, Қармақшы, Жалағаш, Жаңақорған аудандарында бір орталықтан жұмыс жасап келеді.
Фариза ОМАРОВА