АДАМ ӨЛІМІНЕ ҚАТЫСТЫ 5 АДАМҒА ҮКІМ ШЫҚТЫ
Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 99-бабының 2-бөлігінің 7,9-тармақтарымен, 28-бабының 5-бөлігі бойынша айыпталған қылмыстық іске орай 5 сотталушыға қатысты айыптау үкімі жарияланды.
Сотталушылар достарымен 2016 жылдың желтоқсан айының 10 күні досының туған күнін атап өту үшін «Керуен» түнгі клубына жиналады. Сотталушы Ә. ғимарат ішіне кірмекші болған кезде есік алдында тұрған күзетші, жәбірленуші Е. ішке спорттық киіммен кіруге болмайтынын және сол жердің тыныштығына жауап беретіндігін айтып, екеуінің арасында ерегіс пайда болады. Ашуы тарамаған жәбірленуші Е. сотталушы Ә-ға ерегіскен мәселені басқа өзі айтқан жерде шешетінін айтып, екі жаққа тарқасқан.
Ал сотталушы азамат, жәбірленуші айтқан кездесуге қару алып баратынын қасындағыларға айтып, алдын ала сөз байласып, қылмыстық келісімге келеді.
Қылмыс орнында кездескен сотталушылар мен жәбірленуші арасында ерегіс болып, жәбірленуші Е. өзімен бірге алып жүрген тапаншасымен сотталушы Б-ның оң аяғының төменгі тобық тұсына атып, ауыр дене жарақатын салған. Ал, сотталушы Ә. өзімен алып келген аңшы мылтығымен жәбірленушінің өміріне қауіпті іш қуысына бір мәрте атып, ауыр дене жарақатын салған. Алған дене жарақатынан сотталушы Б. ауруханаға жеткізіліп, Е. қан кету салдарынан сол жерде көз жұмған.
Іс бойынша төрағалық етуші судья А.Сабыров куәлардың, сарапшылар мен сотталушылардың жауаптарын тыңдап, іс материалдарын жан-жақты зерделеп, айыптау үкімін жариялады.
Сотталушы Ә. ҚР ҚК-нің 99-бабының 2-бөлігінің 9-тармағымен кінәлі деп танылып, 15 жылға бас бостандығынан айырылды. Жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде өтеуге деп белгіленді.
Қалған 4 сотталушы ҚР ҚК-нің 293-бабының 3-бөлігінің 2-тармағымен кінәлі деп танылып, 3 жылға бас бостандықтарынан айырылды. Жазаларын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемелерінде өтеуге деп белгіленді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.