БАЛАЛАРДЫҢ КҮЛКІСІ СӘНІ ӘЛЕМНІҢ
Халықаралық балаларды қорғау күнін әлем 1950 жылдан бастап атап өтеді. Оны өткізу туралы шешім 1949 жылдың қараша айындағы Халықаралық демократиялық әйелдер федерациясының арнайы сессиясында қабылданды. БҰҰ бұл бастаманы қолдады және балалардың құқықтарын, өмірін және денсаулығын қорғауды өз қызметінің басым бағыты деп жариялады.
Жер жүзіне ортақ мерекеге орай бүгін Жалағаш ауданының орталық алаңында «Балалардың күлкісі сәні әлемнің» атты мерекелік шара өтті. Балабақша балғындарының мерекелік кіріспе концертінен бастау салтанатта аудан әкімі Т.Дүйсебаев бүлдіршіндерді айтулы мерекемен құттықтап, қай халықтың болмасын, елдігін, салт-дәстүрін, ата-мекенін болашаққа апаратын бүгінгі жас ұрпағы екенін тілге тиек етті. Елімізде сәбилердің күлкісі сыңғырлап, Отанымыздың мақтанышы, жас өскелең ұрпақтың аман болуына өз тілектестігін білдірді.
Шара барысында әлемнің әр тарабында өмір сүретін балалардан шар арқылы хат күтіп алып, Жалағаш ауданы балаларының атынан жауап хат жазып, әуеге әуелете шар ұшырды. Мерекелік шарада аудан өнерпаздары әннен шашу шашып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Шара соңы «Шабыт» музыкалық ансамбльдер шеруіне ұласты. Және аудан әкімдігінің қолдауымен аталмыш мерекеге орай мың балаға балмұздақтар үлестіріліп, сахнада өнер көрсеткен әр бүлдіршінге естелік сыйлықтар табысталды.