ҚАЗАЛЫДА ОТЫЗ ТӨРТ ТЫҢДАУШЫ СЕРТИФИКАТ АЛДЫ
«Бастау Бизнес» жобасының оқу курсын алғашқы болып тәмамдаған кәсіпкер болуға ниетті 26 тыңдаушыға оқу курсын бітірді, 8 тыңдаушыға оқу курсына қатысты деген сертификатты аудан әкімі Нажмадин Шамұратов табыстады.
Өткен жылы қабылданған «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының екінші бағыты аясында «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін оқуға ниеттілерді таңдау тәртібіне сәйкес осы жылдың 4 сәуірінде Қазалы көлік-техникалық колледжінде комиссия қатысуымен сынақ тапсырған 40 үміткер тестілеуден өтіп, оқу курсына 34 адам белсенді түрде қатысты.
Аудандағы «Бастау Бизнес» жобасы оқу курсының барысы туралы хабарлаған кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Әліби Әбиев те, кәсіпкерлер палатасының Қазалы ауданындағы филиал директоры Ермек Аймаханов та өздеріне көрсетіліп отырған қолдауларды тиімді пайдаланып, ұтымды істерге білек сыбына кіріскен кәсіпкерлер қатарының көбейгендігін айтты.
- Жалпы, Елбасының бастамасымен жүзеге асырыла бастаған мемлекеттік бағдарламалар елімізде бизнестің қарқынды дамуына кеңінен жол ашуда. Осындай мемлекет тарапынан беріліп жатырған барлық көмектердің пайдалануына ықпал етуге шақыра отырып, кәсіптеріңіздің өркендеуіне, ой-мақсаттарыңыздың орындалуына тілектестігімді білдіремін, – деді аудан әкімі болашақ кәсіпкерлерге.