ШАХМАТТАН ҚАЗАҚСТАН КУБОГЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ АНЫҚТАЛДЫ
Қызылорда қаласында Аралбай Махамбетов мемориалына арналған шахматтан ҚР балалар кубогының I кезеңі аяқталды.
Биыл алтыншы мәрте ұйымдастырылған жарысқа еліміздің 12 облысынан және Астана, Алматы қалаларынан 300-ге жуық шахматшы қатысты.
7 күнге созылған жарыстың қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте Оңтүстік Қазақстан облысының командасы бірінші орынды жеңіп алды. Екінші орынды Астана қаласы еншілесе, үшінші орын Қостанай облысының командасына бұйырды.
Он жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында астаналықтар Диана Қайырбек кубоктың жеңімпазы атанса, Әлімжан Әмірқұл күміс жүлдеге ие болды. Ақмолалық Илья Роголев қола жүлдеге қол жеткізді.
Жақсылық Ақылбек (ШҚО) төртінші орынды, Бекмұхаммед Несіпбаев (ОҚО) бесінші орынды иеленді.
8 жасқа дейін қыздар арасында атыраулық Зарина Нұрғалиева мен ұлдар арасында ақтөбелік Алан Петухов жеңіс тұғырына көтерілді. 10 жасқа дейінгі қыздар арасында астаналық Дамира Маджанова алтын жүлдені иеленді.
14 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында шымкенттік Әбілмансұр Әбілқайырдың мерейі үстем болды. Астаналықтар Елімжан Қали күміс, Әмір Сатыбалды қола жүлделерге ие болды. Ал Нұрбақыт Байшурин (Астана қ.) 4-орынды, Шыңғысхан Саржанов (Қостанай) 5-орынды еншіледі.
12 жасқа дейінгі қыздар арасында астаналықтар Меруер Камалиденова мен ұлдар арасында Тимур Кеңбейілов және 14 жасқа дейінгі қыздар арасында қызылордалық Самал Әбдуали жеңімпаз атанды.
Сондай-ақ, ҚР балалар кубогы аясында шахматтан блиц турнир және «Қызылорда Опен» рейтінгілік турнирлер ұйымдастырылды.
Нәтижесінде астаналық Диас Исабаев блиц турнирде бірінші орынды жеңіп алды. Қалған орындарды Жәнібек Аманов (Атырау) пен Бақтияр Нұғыманов (Ақмола) еншіледі.
Турнирдің «Ең жас шахматшы» номинациясын қыздар арасында қызылордалық Назерке Нұрғали, ұлдар арасында астаналық Сатбек Ахмединов иеленді. «Үздік нәтиже көрсеткені үшін» қызылордалық шахматшылар арасында Әсел Серікбай, әйелдер арасында астаналық Меруерт Камалиденова, ардагерлер арасында қызылордалық Виталий Хан марапатталды.
Алматы қаласының шахматшысы Станислав Зыбин «Қызылорда Опен» рейтінгілік турнирінің жеңімпазы атанды. Астаналықтар Қазыбек Нөгербек екінші, Андрей Кван үшінші, атыраулық Жәнібек Аманов төртінші орындарды иеленді.
Турнирде «Үздік нәтиже көрсеткені үшін» номинациясына қызылордалық шахматшылар арасында Шадияр Ермағамбетов, әйелдер арасында шымкенттік Кристина Ким, ардагерлер арасында қызылордалық Юрий Егай ие болды.
Жеңімпаз, жүлдегерлерге және номинация иегерлеріне медаль, диплом, кубок және ақшалай сертификаттар табысталды.