МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ АСТАНАНЫҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӘУЕЖАЙЫНЫҢ ЖАҢА ТЕРМИНАЛЫ МЕН «НҰРЛЫ ЖОЛ» ТЕМІРЖОЛ ВОКЗАЛЫН АРАЛАДЫ
ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша тұрғызылған, Астананың жаңа инфрақұрылымдық нысандарын аралады.
Қазақстан Президентіне әуежайдың қызмет көрсету жүйесіне енгізілген жаңалықтар, соның ішінде жартылай автоматтандырылған жүк өңдеу жүйесі жөнінде баяндалды.
Жалпы ауданы 47 мың шаршы метрді құрайтын әуежайдың жаңа терминалы халықаралық жолаушылар және VIP терминалдардан, қону тармақтары бар әуе көліктерінің 6 жаңа тұрағынан және қонғаннан кейін шығатын, автобусқа арналған 4 орыннан тұрады. Мұнда қауіпсіздіктің заманауи жүйесі орнатылған.
Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев «Эйр Астана» АҚ президенті Питер Фостермен әңгімелесіп, компанияның қазіргі жағдайы мен даму келешегін талқылады. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы өз еліміздің ішінде және шет елдерге ұшу бағдарларын көбейту жоспарлары туралы сұрады.
«Нұрлы жол» вокзал кешенін аралау барысында Мемлекет басшысына жолаушылар жүрдек пойыздары қозғалысын дамыту бағдарламасының іске асырылуы жөнінде, сондай-ақ «Вокзал кешені құрылысын қамтитын Астана теміржол торабын дамыту» жобасының орындалу барысы туралы баяндалды.
Мемлекет басшысы темір жол саласының ардагерлерімен және жол бөлімшелерінің басшыларымен кездесіп, ақпарат құралдары өкілдерінің алдында сөз сөйледі.
«Санаулы күндерден соң «ЭКСПО-2017» көрмесі ашылады. Осыған орай бүгін елорданың жаңа нысандарын аралап көрдім. Бұл жаңа құрылыстар – Астананың мақтанышы. Бүкіл Еуропа мен Азияны түгелге жуық қамтитын жаңа әуе бағдарлары ашылып жатыр. Жаңа нысандар бас қаламыздың жаңа келбетін айшықтайды. «Нұрлы жол» вокзалы – бірегей нысан, посткеңестік кеңістікте мұндай вокзал жоқ», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Астанадан еліміздің барлық өңіріне жоғары жылдамдықпен жеткізетін «Тальго» пойыздарының жүре бастағаны жақсы жаңалық екеніне тоқталып, еліміздің инфрақұрылым және көлік саласындағы дамуының қарқын ала түскенін атап өтті.
«Осының барлығы мемлекетіміздің болашағы үшін жасалып жатыр. Бұл жобалар «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жүзеге асырылды. Жаңа терминалды іске қосудың арқасында әуежайдың жолаушыларды өткізу мүмкіндігі жылына үш миллионнан сегіз миллион адам мөлшеріне дейін артады. «ЭКСПО-2017» көрмесінің барлық қонақтары Астанаға осы жаңа нысандар арқылы келеді», – деп сөзін түйіндеді Қазақстан Президенті.
«Нұрлы жол» вокзал кешені – жалпы ауданы 126 мың шаршы метр болатын алты деңгейлі ғимарат. Жолаушыларды пойызға отырғызу мен түсіру үшінші қабат арқылы жүргізіледі. Өткізу қабілеті тәулігіне 35 мың жолаушыға дейін жетеді. Вокзал жолаушылар ағынын, адамдар кезегін, қауіпсіздікті, билетті электрондық тәсілмен сату ісін басқарудың заманауи озық интеллектуалдық жүйелерімен жабдықталған. Кешен құрылысы аясында елорданың салынып жатқан он көшелерімен өтетін 2,5 шақырым эстакада бой көтерген. Пойыздардың бірден ғимаратқа келуі үшін вокзалда 6 қабылдау-жөнелту бағыты қарастырылған.
Мемлекет басшысы Астананың сол жағалауында орналасқан «Жасыл квартал» тұрғын үй кешенін аралау барысында қалада жайлы өмір сүруге мүмкіндік туғызатын экологиялық шешімдермен танысты.
Нұрсұлтан Назарбаевқа «Қазақтелеком» АҚ және «Қазпошта» АҚ көрсететін жаңа қызмет түрлерінің жұмысы таныстырылды. Олардың қатарында гибридті банкоматтар, электрондық кассир, почтамат және сәлемдеме жөнелтілімдері супермаркетінен тұратын цифрлы офис қызметі, сондай-ақ дрондар, post.kz мүмкіндіктері бар.