ТАРИХИ ЖАДЫ – ЖАҢҒЫРУДЫҢ НЕГІЗІ

Конференцияның пленарлық отырысын облыс әкімі Қырымбек Көшербаев ашып, жүргізіп отырды.
ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалова шараның маңызына тоқталып, конференция жұмысына сәттілік тіледі.
–Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен осымен сегізінші рет ұйымдастырылған «Тарихқа тағылым– өткенге тағзым» халықаралық жобасы 2010 жылы алғаш рет Астана қаласында өткізілген еді. Зұлматты жылдар құрбандарын еске алуға арналған халықаралық жоба онан кейін Қарағандыда, Талдықорғанда, Шымкентте, Семейде, Оралда және Жезқазғанда жүзеге асырылып, осы жолы Қызылорда облысында өзінің жалғасын тауып отыр. Қызылорда – мемлекетіміздің қалыптасуы мен дамуында ерекше орны бар оның алғашқы астаналарының бірі болған тарихи қала. Елбасы Н. Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Әрбір жұрт тарихтан өзінше тағылым алады, ол әркімнің өз еркіндегі шаруа. Біреуге өзіңнің көзқарасыңды еріксіз таңуға болмайды, бізге тарих туралы өздерінің субьективті пайымдарын тықпалауға да ешкімнің хақысы жоқ. Өйткені жиырмасыншы ғасыр халқымыз үшін қасіретке толы, зобалаң да зұлматты ғасыр болды» деп атап өткен, – деді Мемлекеттік хатшы.
Онан соң ҚХА төрағасының орынбасары Дархан Мыңбай сөз алып, атаулы күннің маңызы жөнінде айтып өтті.
Сонымен бірге ол еліміздің алғашқы астанасы болған Қызылорданың тарихтағы рөліне тоқталды және саяси қуғын-сүргін жылдарын зерттеуде өзінің ұсынысын айтты.
Конференцияның пленарлық мәжілісінде облыс әкімі Қырымбек Көшербаев зұлматты жылдардың ел тарихындағы өшпес рөлі жайында айтып, егемен еліміздің бүгінгі дамуына тоқталды.
–«Орнында бар оңалар», дейді халық даналығы. Кешегі қуғын-сүргіннің зардабын тартқан ұлттар бүгінгі күні қазақ халқымен бірге өмір сүріп, біте қайнасты. Қазіргі кезеңде олар Тәуелсіз Қазақстанды, Сыр өңірін гүлдендіру, көркейту мақсатында берекелі бірлікте, тату тәтті тірлікте тізе қосып, еңбек етуде. Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін қазақстан Республикасының Жоғарғы кеңесі жаппай саяси қуғын-сүргінге ұшыраған адамдарға қатысты әділеттілікті қалпына келтіру, осы қуғын-сүргіннің барлық құрбандарын ақтау, оларға тигізген моральдық және материалдық залалды қазіргі уақытта барынша мүмкін болатын өтеуді қамтамасыз ету мақсатында 1993 жылғы 14 сәуірде «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заң қабылдады. Ел Президентінің жарлығымен 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні деп белгіленді. Бүгін біз сол қасіретті де азалы күндерімізді ұрпағымыз ұмытпасын, бабалар басынан өткен зұлматты жылдарды жадында сақтап, құрметін білдірсін деген ниетпен Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш-белгіні реставрациядан өткізіп, қайта аштық,– деді аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев.
