ТАРИХИ САНА ЖӘНЕ ҚОҒАМНЫҢ РУХАНИ ҚАУІПСІЗДІГІ
Орталық коммуникациялар қызметінде «SarapTime» сарапшылар клубының кезекті отырысы өтті. «Тарихи сана және қоғамның рухани қауіпсіздігі» тақырыбын арқау еткен отырыстың басты мақсаты– Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы және саяси қуғын – сүргін құрбандары жайлы жастарға жете түсіндіру болды.
Бүгінде Қазақстанда өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беруге ерекше қөңіл бөлуде. Жастарға патриоттық тәрбие беру, оларда белсенді азаматтық ұстаным мен өзінің және елінің болашағы үшін жауапкершілікті сезіну қасиетін қалыптастыру, олардың өткен ғасырдағы саяси қуғын-сүргін құрбандарына құрметпен қарауына бағытталған. Сондай-ақ отанымыздың тарихын біліп зерделеуге – бүкіл қоғамның маңызды міндеті болып табылады.
Бұдан басқа, «SarapTime» сарапшылар клубының отырысында әлемнің ең белді архивтерінен төл тарихымызға қатысты құжаттарды жүйелі түрде жинақтап зерттеу, ХХІ ғасырда рухани дамудың жаңа парадигмасын жасаудағы қажетті іс-шаралар, сондай-ақ қоғамдық сананы жаңғыртудың басты басымдығы ретінде ұлтымыздың жаһандық қоғамдастықта бәсекеге қабілетті болуы жайлы айтылды.
Отырыста ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұрлан Дулатбеков, «Сакралды Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Берік Әбдіғалиұлы, «Ұлағат» Мәдениет және даму қорының атқарушы директоры және «Әлеумет тынысы» журналының бас редакторы Қамажа Габдрашқызы, Қазақстан Ұлттық арнасының аналитик-редакторы Нұрбек Бекбауов тақырыпқа орай пікірлерін білдірді.
Дөңгелек үстелдің басты қонақтары болып ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, қоғам қайраткерлері, журналистер мен блогерлер, Астана қаласының оқу орындарының студенттері шақырылды.