АҒАЙЫН, АРМИЯЛДЫ НЕГЕ ҰМЫТТЫҚ?!
Жылда саяси-қуғын сүргін құрбандарын еске алатын мамырдың соңғы күні көңілді бір мұң басады. Жазықсыз жазалы болып, айыбы жоқ болса да айдалып, азапталған жандардың елесін көріп қалатындай елең күй кешетініміз бар. Осы күні азалы жылдары аштықтың, ату мен асудың құрбаны болған қандастар рухына қол жайып, енді ондай зұлматтың қайталанбауын тілейміз.
Биыл қалың қазақтың қатарын сиретіп кеткен ашаршылықтың болғанына 85, ал жұттан аман қалған жұртының алдында жүрген аймаңдай азаматтарды сталиндік-голщекиндік репрессия жалмағанына 80 жыл толады екен. Елбасы 31 мамырды «Ашаршылық және репрессия құрбандарын еске алу күні» деп белгілеген Жарлыққа қол қойғалы да жиырма жылдың жүзі ауыпты. Осы уақыт аралығында қысқа ғұмырында «елге болсын...» деп өткен нешеме ерлердің асыл есімі ортамызға оралды. Қаншама қайраткердің аты жаңғырып, тәуелсіз ел жастары тәлімін тани түсті. «Шүкір, ел екенбіз ғой» дейсіз осындайда. Бірақ, қазақ баспасөзінде ақтаңдақтар тақырыбын алғаш көтерген журналист Армиял Тасымбековтің ұмыт қалып бара жатқаны қабырғаны аяздай қариды.
Азаматты абақтыға жауып, атып-асып, жан-жағына үрей сепкен сол кезеңнен үргедек болып қалған талайлардың көңіліндегі үрейді сейілтіп, ел алдына алып шыққан осы Армиял Тасымбеков болатын. Қазақ қайраткерлерінің асыл жарлары азап шеккен «Алжир» туралы ақиқат та журналистің «Жазығы не еді аналардың?» атты сериялы мақалаларында айтылды. Кейін ол «Жан дауысы: Алжир архипелагы» атты кітап та шығарды, «Алжир» фильмінің сценарийін жазды. Сталиндік жазалау машинасына іліккелі ізсіз кеткен талай азаматтың атын тап осы Тасымбеков тірілтті десек ешкімнің таласы болмайтын шығар...
Желтоқсан құрбандары туралы да құпия деректерді алғаш тапқан, фотоларын газетке жариялаған да тағы Тасымбеков болды. Қазір қарасақ, бар болғаны 46 жыл жасаған Армиялдың бар миссиясы жазықсыз жалалы болғандарды ақтап алу болған секілді. Бірақ, елдің керегін табам деп елпілдеп жүрген өзінің де жоғалтқаны көп еді. Отбасынан ажырады, темір торға да түсті. Түрмеден шыққаннан кейін де азапты аз көрмеген болу керек.
Жетісудағы Жаркент өңірінде Айдарлы деген ауыл бар. Біздің бала күнімізде осы ауыл жастарының алдында Армиял Тасымбеков жүрер еді. Өнерлі жастардың басын қосып, ең алғаш «Гүлдәурен» атты вокальді-аспапты ансамбль құрды. Қияндағы ауылдан мұндай жаңалық күтпегендер жаңа ұжымға таңырқай қарасты. Оларды одан сайын таңқалдыра түскен «Гүлдәурен» бірден арындай шапты, талай конкурстан жүлдемен оралды. Күні кешеге дейін Армиял салған ізбен құрылған ансамбльдер ауыл кешінің көркі болып келді.
Кішкентай күнімізде аудандық газетке Армиял Тасымбековтің өлеңдері жиі шығып тұрар еді. Соның ішінен «Айдарлының сексеуілі» атты өлеңін топ бала жаттап алдық. Қазір ұмытыппын, авторы секілді «Айдарлының сексеуілі» де жадыдан өше бастапты.
Ақтаңдақтар жайлы еңбегі бірнеше кітапқа жүк болатын ол бір өзі бір институттың шаруасын жасады. Архив қопарып, талай деректерді тапты. Еліне осынша еңбек сіңірген азаматтың аруағын елемей қойғанымыз қалай болар екен?
Ағайын, Армиялды неге ұмыттық?!
М. АҚЫНҰЛЫ
Комментарии 1