«АЛЖИР» ФИЛЬМІНІҢ КӨРСЕТІЛІМІ ӨТТІ
Қызылордадағы «Жібек жолы» сауда орталығының залында кеңестік қоғамдағы саяси репрессияның 80 жылдығына орай түсірілген «АЛЖИР» фильмінің көрсетілімі болды. Туындыны «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» шарасына еліміздің әр облысынан келген азаматтар мен облыстық этномәдени бірлестіктер өкілдері тамашалады.
«Қазақстан» Ұлттық арнасының тапсырысы бойынша түсірілген фильм 7 мамырдан бастап еліміздің барлық облыстарында көрсетіліп келеді. Бұл фильмде, ел жайсаңдарының жұбайлары мен балаларының «АЛЖИР» лагерінде ажалмен арпалысып өткен өмірі мен тауқыметі, тағдыры баяндалады.
Фильмнің басында Света есімді бойжеткен Ресейден Қазақстанның бас қаласы Астанаға, әжесі Светлана Васильеваның соңғы аманатын арқалап келеді. Ол аманатта, сонау қылышынан қан тамған сұрапыл қызыл «террор» жылдары «АЛЖИР» лагері тұтқындарына жақсылық танытқан Әлихан Сейдахметов деген сол кездегі «АЛЖИР» лагерінде қатардағы жауынгерлік қызметін атқарған қазақ жігітін табу еді. Света әжесінің күнделігіне жүгіне отырып, бұрынғы «АЛЖИР» лагері маңындағы көптеген ауылдың бірінен, сол кісіні іздеп табады. Ол, бүгінгі күні жасы тоқсаннан асқан ауыл ақсақалы. Света мен қарт Әлихан екеуі бүкіл фильм бойы, азапта өткен сонау сұрапыл жылдарды еске алып, қайта бастан кешеді.
Телехикаяға батылдық, адамгершілік, мейірімділік секілді ұлы қасиеттер өзек болады.