АЗАП ШЕККЕН АРЫСТАРДЫ ЕСКЕ АЛДЫ
Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай Жалағаш ауданында «Халқымен қайта қауышқан есімдер» атты митинг өтті.
Шараға жиналғандар ескерткішке тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды, азалы жылдары азап шеккен арыстарды бір сәт үнсіздікпен еске алды.
- Түрлі зобалаңды басынан кешірген қазақ елі үшін 31 мамыр – ұлттық қайғы күні. Ақылға сыйымсыз қудалау, жазалау кезінде қазақтың маңдайындағы марғасқа ұлдары опат болды. Оларға «халық жауы» деген айып тағылды. Олар атылды, асылды, итжеккенге айдалды. Олар халқын сүйген, елім деп еңіреген ерлер еді. Мына алдарыңыздағы құлпытасқа есімдері жазылған адал да абзал азаматтар сол бір солақай саясаттың құрбаны болғандар. Біз ешкім де ешқашан да ұмытылмайды деп өскен ұрпақпыз. Жазықсыз жазаланған ата-ағалар есімі мәңгі жасайды, - деді аудан әкімі Т.Дүйсебаев саяси-қуғын сүргін құрбандарын еске алу жиынының алғашқы сөзінде.
Жиын барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Әлиев, сұрапыл жылдарда жазықсыз жапа шеккен, саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары, өзге ұлт өкілдері де сөз алып, қасіретті жылдардың қайталанбай, әлемде баянды бейбітшілік орнап, еліміздің босағасының берік болуына тілектестіктерін білдірді.
Шара соңы аудандық тарихи-өлкетану музейіндегі «Реквием сағатына» ұласты.