САЛА ЖҰМЫСЫНЫҢ АШЫҚТЫҒЫНА АРНАЛАДЫ
Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың азаматтардың әлеуметтік жауапкершілігін арттыру, қаржы қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету, жемқорлық құқықбұзушылықтың алдын-алу бойынша тапсырмасын жүзеге асыру аясында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлiгі Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетімен бірлесіп "Жәрдем-Көмектесу" акциясын бастады.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі ресми интернет-ресурсы таратқан мәліметте акция шеңберінде қаржы қызметі саласындағы орын алған жемқорлық, заңсыз ақша жинау, денсаулық сақтау жүйесіндегі еңбекақының уақытылы төленбеуі сияқты фактілер туралы xабарлауға болатындығы айтылған. Ақпаратты "Жәрдем-Көмектесу" белгісімен 100@rcrz.kz электронды поштасына жолдау қажет.
Электронды поштаға түскен ақпарат ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығында өңделіп, заң жүзінде тиісті шараларды қолға алу мақсатында республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетіне жолданады.
Аталған акция азаматтардың саяси саналығын нығайтуға, сондай-ақ, денсаулық сақтау жүйесіндегі орын алған құқықбұзушылық пен қылмыс фактілерін жедел және ашық анықтауға бағытталған.