ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАЛАЛАРДЫ ҚОРҒАУ КҮНІ МЕРЕКЕЛІК ШЕРУ ӨТЕДІ
Қызылорда қаласындағы «Шағбан» жекеменшік балабақшасында мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған ипотерапия бағдарламасы ашылады. Еліміз бойынша Шығыс Қазақстанда жұмысын бастаған бағдарламаны біздің аймақ екінші болып қолға алғалы отыр. Бұл туралы бүгін облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Бағдат Бердәулетов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Қазақстанда 25 мамыр мен 15 маусым аралығында «Нұрлы болашақ» ұранымен акция өтуде. Акция аясында балалардың құқықтарын қорғау мәселелеріне қоғамның назарын аудару мақсатында түрлі шығармашылық байқаулар мен қайырымдылық шаралары ұйымдастырылып жатыр. Облыс бойынша 45 мүмкіндігі шектеулі бала Алматы қаласында өтетін «Жұлдызай» республикалық шығармашылық фестиваль мен спарткиадаға, 4 оқушы Санк-Петербург қаласында өтетін халықаралық «Шаг навстречу» фестиваліне қатысуда.
- 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай балалар мен жастардың музыкалық оркестрлері мен ансамбльдерінің шеруі өткізіледі. Барлығы 3710 оқушы мен студент қатыстырылатын шеру «Достық» үйінен бастау алып, Арбат арқылы орталық алаңға жетеді. Сондай-ақ, мереке күні Президенттік, халықаралық, республикалық пәндік олимпиадалар және ғылыми жоба байқауларына қатысып, жүлделі орын алған 48 оқушымен облыс әкімінің кездесуі жоспарлануда, - дейді Бағдат Бердәулетов.
Сонымен қатар 12 маусымда Дүниежүзілік балалар еңбегін пайдалануға қарсы күрес күні атап өтіледі. Қызылорда облысында «Бала еңбегін пайдалануға қарсы 12 күндік» Ұлттық ақпараттық науқанды өткізудің іс-шаралар жоспары қабылданған. Айта кетейік, бала еңбегін қанаудың алдын алу үшін білім басқармасының 60-54-58 нөмірлі сенім телефоны жұмыс жасайды.
Фариза ОМАРОВА