ҚАЗАҚТЫ ҚЫНАДАЙ ҚЫРҒАН ЧЕРНЕНКО
Бір мың да тоғыз жүз сексен төртінші жылы КСРО ОК бас хатшысы болып Константин Устинович Черненко сайланды. Бұл жер жүзінің жартысына билік айтқан кеңестік жүйесінің іргесі сөгіле бастаған кез болатын. Мына сәйкестікті қараңыз, құлауға жақын тұрған алып империяның билеушісі де бір күн ауру, бір күн сау қалжыраған шал еді.
Ұзақ жылдар КСРО ОК-нің жалпы бөлімін басқарған Константин Устинович көп көзіне түсе бергенді оншалықты жақтыра қоймайды екен. Бірақ, мемлекетті 17 жыл басқарған Леонид Брежнев Саяси бюро мүшелері арасында осы Черненконы ғана жақын тұтыпты. Өзімсінгені сондай, оны жұрт көзінше «Костя» деп атап, отбасымен араласқан көрінеді. Билігі тұп-тура 13 айға созылған К. Черненконы зерттеушілер оны еркінен тыс бас хатшы болған қайраткер санайды.
Жалпы жұрт осы Черненконың кезінде Одақта білім саласына көп көңіл бөлініп, мұғалімдердің айлығы көбейгенін айтады. Шын мәнінде дәл сол тұста мемлекеттің айдарынан жел есіп тұрғаны шамалы еді. Ол бас хатшы болған 1984 жылы Ауғанстандағы Совет әскерінің жеңісінен жеңілісі көп болды. Құлауға жақын қалған Одақ Батыспен идеологиялық соғыста да оңбай ұтылып жатты.
Черненко қайтыс болғасын туған жері – Красноярск өлкесіндегі бірнеше нысанға оның есімі берілді. Көзі тірісінде соғылған бюсті осында көшірілді. "Қазір жұртқа оның біздің жерлесіміз екендігін жиі айтамыз. Жастар бұрынғы бірінші хатшыны мүлдем білмейді" – дейді Новосёловск аудандық музейінің директоры Александр Кержаев.
Орыс тарихшылары билікте жүрсе де бар-жоғы білінбеген Константин Устиновичтің өткені жайлы көп айта бермейді. Осы жұмбақ жанның өмірбаянындағы Қазақстанға қатысты тұсын жалпылай шолып өтеді.
Ресей сайттарындағы дерек былай дейді: «В 1931 году К.Черненко был призван в армию. Он получил направление в одно из пограничных воинских подразделений, расположенных в Хоргосе, на территории Советской Республики Казахстан (на границе с Китаем). За два года службы Константин Черненко не раз проявлял себя с лучшей стороны: принял участие в ликвидации легендарной банды Бекмуратова, стал членом в ВКП (б), был избран секретарем партийной организации погранзаставы».
Бұған дейін де Константин Черненконың жас кезінде Жаркент шекара отрядында қызмет атқарғаны жайлы ара-тұра болса да айтылып қалатын. Жариялықтың лебі есе бастаған тұста бұрынғы бас хатшының шекарада адам қырумен айналысқаны туралы еміс-еміс естіп қалғанымыз бар. Сірә, басшылық бала-шағаны қынадай қырған қанішердің ерлігін ескерсе керек, көп ұзамай оны партия қатарына қабылдап, шекара заставасындағы партия ұйымының хатшысы қылып сайлапты. Алып мемлекетті басқарған чекист Черненконың қызметтегі жолы осылай басталса керек.
Жуырда Фейсбук әлеуметтік желісіненен өткен ғасырда ұлт басынан өткен ашаршылық, оған ілесе келген отыз жетінің ойраны жайлы зерттеу жүргізіп жүрген жазушы-журналист Серік Әбікеннің мынадай жазбасын көзіміз шалып қалды.
"Константин Устинович Черненко керемет адам, ұстаздар қамын ойлайды!" 1980-жылдары осы сөз көп айтылатын. Сол Черненконың жастайынан аса қанқұмар болғанын көп адам біле бермейді. 17 жасында ОГПУға сұранып, Енесай бойынан Қазақ еліне келген Черненконың "сүйікті" ісі Жаркент абақтысында тергеліп жатқан қазақтарды бастан атып өлтіру екен. Сол жылы күзде шегарашылар отрядына қабылданады да пулеметші болады. Елтай құмындағы қырғында екі пулеметші мен эскадрон сарбаздары 600 адамы бар көшті қырып тастапты. Бір пулеметші көште балалар көп екенін көріп атуды өзі доғарыпты. Ал, еліріп, "Максимкасын" тырылдата берген болашақ хатшыны бір қызыл әскер басынан екі рет теуіп талдырып, әзер тоқтатады. Черненко есін жия салып маузеріне жармасқан екен. "Неге тебесің?" деп емес, "неге атқызбайсың?" деп?! Мал-жаны түгел пулемет оғынан қырылып қалған жаңағы көш жалайыр руынікі екен. Ел арасында оқиға болған жер әлі күнге "Жалайыр қырылған" деп аталады...»
Сәбет мұғалімін жарылқаған хатшы жас шағында жалаңдаған қанішер болған екен. Көшке қару кезеген осындай жаналғыштардан аман өткендер шекара асып, өзге елді паналауға мәжбүр болды. Тарихшылар дерегінше, 1911 жылы 8 жарым миллион қазақ болса, XX ғасырдың ортасында сол халықтың жартысы ғана қалған.