26 НАУРЫЗ АРАЛ ТЕҢІЗІНІҢ КҮНІ БОЛЫП БЕЛГІЛЕНДІ
Форумның мақсаты - Арал өңірінің экологиялық және әлеуметтік - экономикалық жағдайы туралы кеңірек ақпараттандыру, өзекті мәселелерге әлемдік қауымдастықтың назарын аудару.
Форум жұмысына Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Г.Әбдіхалықова, Парламент депутаттары, Қазақстан Республикасының және Орталық Азия елдерінің орталық және жергілікті мемлекеттік органдарының басшылары, Қазақстан Республикасындағы дипломатиялық өкілдіктердің басшылары, халықаралық ұйым өкілдіктерінің жетекшілері, ғалымдар, сарапшылар және т.б. қатысты.
Форумның ашылуында Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Біріккен Ұлттар Ұйымының мінберінде Арал теңізінің мәселесі біздің өңірге ғана емес, бүкіл әлемге қатер төндіретіндігі туралы айтқан мәлімдемесін келтіре отырып, теңіздің тартылуы салдарынан көтерілген шаң мен улы тұз қазірдің өзінде Еуропа мен Антарктидадан табылып отырғандығын атап өтті.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Хатшысы Г.Әбдіхалықова алғысөз сөйлеп, Қазақстан Республикасының Парламенті атынан, сондай-ақ Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Өзбекстан мемлекеттерінің делегациялары, Біріккен Ұлтар Ұйымының, Дүниежүзілік Банк және Еуропалық экономикалық коммисияның өкілдері өз құттықтауларын жолдады.
Аралдың экологиялық және әлеуметтік-экономикалық мәселерін талқылаумен қатар, форум барысында индустриалды экология, ғаламдық климаттық өзгерістер, кешенді су тақырыбы мен аталған өзекті мәселелерді шешудің әлемдік тәжірибесі талқыланды.
Форум аясында деректі және ғылыми танымдық фильмдер көрсетіліп, Арал өңірі мен Арал туралы авторлық көркем туындылар мен ғылыми монографиялар таныстырылады.
Сондай-ақ, Арал бассейнінің проблемасы мен Арал өңірінің мәселелеріне елеулі үлес қосқан ұйымдар мен тұлғалардың еңбектері атап өтіліп, марапатталады және ынтымақтастық туралы бірқатар хаттамаларға қол қойылды.
Осылайша «Арал теңізінің шығыс жағалауынан «Жасыл белдеу» жасақтау, «Жабайы жануарларды климаттың өзгеруіне жерсіндірудің Арал өңірі орталығын құру» жобасы, «Қамыстыбас» көлінің жағалауында «Арал» ғылыми – туристік орталығын» құру бастамасы мен «Қызылорда облысының Атласын дайындау және ГИС технологиясының негізінде Арал өңірінің интерактивті электронды картасын» әзірлеудегі бірлескен жұмыстар бағыты белгіленді.
Шараның қорытындысы бойынша қатысушылар форумның қарарын қабылдап, Халықаралық Аралды құтқару қорының құрылған күн – 26 наурызды «Арал теңізінің күні» ретінде жариялау жөніндегі ХАҚҚ-ның Қазақстандағы Атқарушы Дирекциясының бастамасын қолдады.
Алдағы уақытта, форум Қызылорда қаласында Арал өңірі Мемлекеттері басшыларының саммитін дайындауға ниетті.
Екінші күні форумға қатысушылар Арал теңізінің қазақстандық бөлігін тікұшақпен аралайды.