ЖАЛҒАН ХАБАРЛАМА БЕРГЕНІ ҮШІН ҚЫЛМЫСТЫҚ ЖАЗА ҚОЛДАНЫЛАДЫ
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне жаңа өзгерістер мен толықтырулар жасалып, 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енгені белгілі. Жаңа заңнамаларға енгізілген жаңа нормалардың негізінде бірнеше баптардың мазмұны мен төркіні қатаңдатып отыр. Кодекс тұжырымдарына сәйкес, қоғамға зиян келтіру қатерін туғызатын іс-әрекет, қылмыс саналатын – экстремизм мен терроризм әрекеттері үшін де жауапкершілік күшейтілді. Жаңадан қабылданған заңнама бойынша Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау 273-бап болып өзгертіліп, шара ретінде алты жылға дейін мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады деп көрсетілген.
Терроризм актісі – қоғамдық қауіпсіздікті бұзу, халықты үрейлендіру, мемлекеттік органдардың, өзге мемлекеттердің және халықаралық ұйымдардың шешім қабылдауына ықпал ету немесе мемлекет, қоғам қайраткерлерінің қызметін тоқтату және бұрыс деп есептеген іс-әрекеті үшін кек алу мақсатында жеке тұлғаларға, ұйымдарға қарсы жасалатын әрекет болып табылады.
Аталған қылмысты жасаған азаматтар немесе кәмелетке толмаған тұлғалардың ата-анасы ҚР Қылмыстық кодексіне сәйкес жауапкершілікке тартылады. Сондай-ақ, Қылмыстық кодексте көрсетілген жауапкершіліктен бөлек аталған құқыққа қарсы әрекеті үшін мемлекеттік органдарға келтірген залалын толық мөлшерде өтейді.
Бұл қылмыстық іс-әрекет ауыр қылмыстар санатына жатқызылатынын айта отырып, бүгінгі күні қолда бар заманауи техникалық құралдармен терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлама берген азаматтардың жүрген жерін және жеке басын анықтау ешбір қиындық туғызбайтынын ескертеміз
Өткен жылы жедел басқару орталығының пультіне жарылғыш затқа ұқсас күдікті зат табылғаны жөнінде жалпы 8 хабарлама берілген, оның 3 хабарламасы жалған хабарлама болып түскен. Жүргізілген арнайы жедел-іздестіру шаралары барысында жалған хабарлама таратқан күдікті азаматтар ұсталып, оларға қатысты қылмыстық істер қозғалып, тиісті шешім қабылдану үшін Қызылорда қалалық сотына жолданды.
Ал жыл басынан бері Жедел басқару орталығының пультіне күдікті зат табылғаны жөнінде жалпы 4 хабарлама түскен. Аталған хабарламаларды тексеру барысында азаматтар қырағылық көрсетіп, көшеде көрген күдікті заттарды анықтап, халықтың қауіпсіздігін сақтауда азаматтық борышын танытып, хабарлама бергендері белгілі болды.