СЕНАТ САЙЛАУЫ: ӨЗІН-ӨЗІ ҰСЫНҒАНДАР САНЫ БАСЫМ
Кеше Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтіп, онда Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттығына үміткерлерді ұсыну кезеңінің аяқталу қорытындылары қарастырылды.
2017 жылғы 28 сәуірден 28 мамырға дейінгі кезеңде республика бойынша Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттығына барлығы 89 кандидат ұсынылды.
Осылайша, Парламенттің жоғары палатасының депутаттарын сайлау жөніндегі соңғы үш сайлау науқанында ұсыну қорытындылары бойынша бір сенатор мандатына орташа алғанда 5 үміткерден келеді.
Осы жылы кандидаттардың көбі Астана қаласында ұсынылды – 9 адам, ең азы Шығыс Қазақстан облысында – 4 адам.
Сенатқа қазіргі сайлау барысында өзін-өзі ұсыну құқығын пайдаланған кандидаттар санының өсуі байқалады - 82 (92,1%) кандидат (салыстырғанда 2014 жылы - 82,9%, 2011 жылы 82,7%). Бұл ретте мәслихаттар 7 кандидатты (7,9%) ұсынды.
Сондай-ақ өткен сайлау науқандарымен салыстырғанда ұсынуда әйелдердің белсенділігі 2,6 есе өсті: ұсынылған кандидаттардың ішінде 13 әйел (2014 жылы - 5, 2011 жылы - 6), оның ішінде Астана және Алматы қалаларында 7 әйел ұсынылды.
Кандидаттардың орташа жасы 51,9 жасты құрайды (2014 жылы – 54,1; 2011 жылы – 53,3). Ең жас кандидат 30 жаста, үміткерлердің ішіндегі ең үлкені 68 жаста.
Мамандықтары бойынша: 26-сы инженер, 21-і экономист, 10-ы оқытушы, 10-ы – заңгер, 9-ы - аграрлық саланың өкілдері, 5-еуі дәрігер, 2-еуі саясаттанушы және 6-ауы басқа мамандық иелері.
Өз кандидатураларын қызметтегі 4 сенатор ұсынды. Ұсынылғандардың ішінде 5-еуі мәслихаттар депутаттары, 35-і - коммерциялық құрылымдардың қызметкерлері, 13-і - мемлекеттік ұйымдар, кәсіпорындар мен мекемелердің қызметкерлері, 23-і - мемлекеттік қызметшілер және 7-еуі - қоғамдық ұйымдардың өкілдері.
Қазіргі уақытта Сенат депутаттығына кандидаттарды тіркеу рәсімі жалғасуда.
Сайлау туралы заңнамаға сәйкес сайлау комиссиялары мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, ұсынылған құжаттардың дұрыстығын тексеру бойынша жұмыс жүргізуде.
Облыстық, Астана жәнге Алматы қалалық сайлау комиссиялары Сенат депутаттығына 62 кандидатты тіркеді.
Қазіргі уақытта Орталық сайлау комиссиясына кандидаттардан екі шағым келіп түсті және оларға сайлау заңнамасының ережелерін түсіндіре отырып, жауап берілді.
Сайлау науқаны сайлау заңнамасының талаптарына сәйкес өтуде және ҚР Орталық сайлау комиссиясының тұрақты бақылауында.