КЕЗЕКТІ ОҚУ СЫБАЙЛАСТЫҚТАН САҚТАНДЫРУҒА АРНАЛДЫ
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес - мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Қоғамдық қасіретке әкелетін сыбайлас жемқорлықты болдырмау және оны жою дұрыс әрекет етуден туындайтынын терең ұғындыру, сондай ақ қызметкерлердің бойында сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұрарлық мәдениетті нығайту, олардың құқықтық сауаттылығын одан әрі арттыру мемлекеттік органдар алдындағы өзекті мәселелердің бірі болып табылады.
Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментіндегі департамент қызметкерлеріне арналған кезекті оқуға Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің өкілі Бағдат Искенов келді. Мемлекеттік органдар тарапынан жүргізілетін сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің пәрменін арттыру, заңдылықтардың мүлтіксіз сақталуы туралы дәріс жүргізді. Бұл туралы департаменттің баспасөз қызметі хабарлады.
Мемлекеттік кіріс органдарындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алудағы атқарылып жатқан жұмыстар жайлы департаменттің Ішкі қауіпсіздік басқармасының жетекші маманы – офицер Еркін Сматов хабарлама жасады. Лекторлар тыңдаушылардың сұрақтарына жауап берді.
Үстіміздегі жылдың 1 тоқсанында облыстың мемлекеттік кірістер органдарында 8 қызметтік тергеулер жүргізілді, олар департаменттің тәртіптік комиссиясында қаралды. 6 жағдай бойынша заң бұзушылық расталған жоқ, екі фактіге қатысты қызметкерлерге тәртіптік шара көрілді. Алғашқы үш айдың ішінде қызметтік міндеттерін атқаруда және атқарушылық тәртіпке қатысты бұзушылықтарға жол берген 36 қызметкер түрлі тәртіптіктік жауапкершілікке тартылды. ҚР Президентінің 30.12.2016ж. №404 Жарлығын орындау мақсатында кешенді аттестацияға 282 қызметкер қатысты. Тестілеуден өткендердің 30 пайыздан астамы «өте жақсы», 70 пайыздан жоғары бөлігі «тиімді» нәтижесін көрсетті. Аттестаттауды 23 қызметкер «атқаратын лауазымына сай және лауазымынан өсіруге жатады»; 254 қызметкер «атқаратын лауазымына сай»; 2 қызметкер «атқаратын лауазымына сай емес, мемлекеттік қызметте төмендетуге жатады» нәтижелерімен қорытындылады.