ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ ШВЕЦИЯ ЖӘНЕ ФИНЛЯНДИЯНЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЕЛШІЛЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ
Бүгін Қызылорда облысына Швеция Корольдігінің ҚР Төтенше және Өкілетті Елшісі Христиан Камилл және Финляндия Республикасының ҚР Төтенше және Өкілетті Елшісі Илкка Райсанен жұмыс сапарымен келді. Елшілер аймақтағы бірқатар өндірістік нысандарды аралап, Қызылорда қаласының сол жақ жағалау құрылысы жобасымен танысып, аймақ басшысымен кездесті.
Қызылорда облысының әкімі Қ.Көшербаевпен кездесу барысында өңірдің инвестициялық әлеуеті мен ынтымақтастықтың перспективті бағыттары туралы әңгіме болды. Қ.Көшербаев шетелдік инвесторларға ұсынылатын преференциялар мен жеңілдіктер туралы айтып берді.
-Біз әрқашанда шетелдік инвесторлармен және қаржы ұйымдарымен ынтымақтастық байланыс орнатуға ынталымыз. Инвестордың қосқан үлесі нақты іс-қимылмен, атап айтқанда: өндіріс, еңбекпен қамту және жұмысшыларды әлеуметтік қорғау шаралары арқылы бағаланады,-деп атап өтті облыс әкімі.
Сонымен қатар, осы күні елшілер инвестициялық ынтымақтастықты дамыту жөніндегі жиынға қатысып, Қызылорданың көрікті жерлерін аралады.