ҚЫЗЫЛОРДАДА МҮГЕДЕК КӘСІПКЕРЛЕРГЕ АРНАЛҒАН БІРІНШІ ФОРУМ ӨТТІ
«Өзгерістерге ұмтылыс» деген атау иеленген форумды облыс әкімдігінің қолдауымен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» ұйымдастырып отыр. Оның ашылу салтанатында Қызылорда облысы әкімі Қырымбек Көшербаев пен «Даму» Қорының басқарма төрағасы Абай Сарқұлов сөз сөйледі.
– Мемлекет басшысы мүгедек жандарға қамқорлық жасауды әлеуметтік саладағы басты міндеттердің бірі ретінде үнемі айтып келеді.
Бұл ретте мүмкіндігі шектеулі жандарға жан-жақты көмектесіп, оларды белсенді тірлікке тарту, жұмыспен қамтуға қатысты шаралар арнасын кеңейту жүзеге асырылуда.
Мүгедектер қоғамының басты міндеті — ең алдымен, мүмкіндігі шектеулі жандардың мұң-мұқтажына толық жауап беру және әлеуметтік қорғау болып табылады.
Біздің елімізде мүгедек жандар үшін қандай да бір кедергілер болуы тиіс емес. Олардың қатары қазіргі сәтте облысымызда
28 мыңнан (оның ішінде: 1 топ – 2791, 2 топ – 11006, 3 топ – 9929, 18 жасқа дейінгі мүгедек балалар – 4813) асып отыр.
Мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сүру деңгейін жақсарту бойынша мақсатты және жүйелі жұмыстарды жалғастыру мақсатында үстіміздегі жылдың наурыз айында мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі 2017-2018 жылдарға арналған Жол картасы бекітілген, – деді аймақ басшысы.
Іс-шара барысында облыс әкімі мемлекеттік бағдарламалар мен «Даму» Қорының жобаларына қатысып, өз бастамаларын сәтті жүзеге асыра білген ерекше мүмкіндіктегі кәсіпкерлерге алғыс хаттар табыстады. Сондай-ақ, «Даму-Көмек» жобасы бойынша демеушілік көмек те табысталды.
Форум аясында мүгедектігі бар кәсіпкерлердің қолынан шыққан түрлі тауар мен өнімдер, қызмет түрлерінің көрмесі ұйымдастырылды. Жиырмадан аса компания кәде сыйдан құрылыс заттарына дейінгі алуан түрлі өнімдер ұсынды. Олардың ішінде — аймақта бәсекелесі жоқ, болат арқан мен ілмектер шығаратын жалғыз кәсіпкер Ерніс Төлендиев те болды. Ол несие рәсімдеу барысында кепілмүлкі жетіспеушілігі мәселесін қордың кепілдендіруімен оң шешіп, кәсіпорынның өндіріс көлемі едәуір артты.
-Форумның басты мақсаты–мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлер арасында табысты кәсіпкерлікті дәріптеу және оның дамуына колайлы жағдай жасау. Бүгінгі іс-шараға қатысушылар - тағдырдың тауқыметіне мойымай, қоғамда өз орнын таба білген және өзін жұмыспен қамтумен шектелмей, өзгені де тұрақты жұмысқа алып, кәсіптерін дөңгелентіп отырған азаматтар. Бүгінгі форум мүгедектігі бар азаматтар мен табысты кәсіпкерлер арасында тәжірибе алмастыру бағытындағы маңызды, әрі тиімді диалог алаңы ретінде қалыптасты деп үміттенемін, - деді «Даму» Қорының басқарма төрағасы Абай Сарқұлов.
Форум барысында «Қызылорда еріктірілері» қорының мүшелері «Ерекше би» жобасымен қатысушыларды тамсандырды. Бишілер құрамының тең жартысы өзінің партиясын мүгедектік арбада отырып орындады.
Форумның екінші бөлімінде ақпараттық-түсіндірме семинары, дөңгелек үстел мен мүмкіндігі шектеулі табысты кәсіпкер Бақыт Жұмашевтың шеберлік-сағаты өтті.
«Даму» Қоры мүмкіндігі шектеулі азаматтар арасында кәсіпкерлікті дамыту мен қолдауға бағытталған жобаларды жүзеге асырып келеді. Бизнесін ашуға қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету түріндегі демеушілік көмек көрсетуге бағытталған «Даму-Көмек» жобасын жүзеге асырған уақыттан бері Қызылорда облысында 170 мүгедек азамат қолдау тапты.
Сондай-ақ, «Даму» Қоры «Казкоммерцбанк» АҚ-ның «Құс Жолы» корпоративті қайырымдылық қорымен бірлесіп — мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлерге өз бизнесін дамытуға 300 мың теңгеге дейінгі қайтарымсыз грант алуға мүмкіндік беретін «Жұлдыздарға қара» – «Посмотри на звезды» жобасын жүзеге асыруда. 2012 жылдан бастап қызылордалық кәсіпкерлерге жалпы сомасы 4,9 млн.теңге болатын 30 грант бөлінген.
Өткен жылы сұранысқа ие, әрі икемделген мамандықтар бойынша оқыту, дайындау, қайта даярлау мен бизнес-жоспар құруды үйретуге бағытталған «Мүмкіндігі шектеулі әйелдердің кәсіпкерлік қабілетін дамыту» бағдарламасы әзірленіп, бағдарлама аясында қызылордалық мүмкіндігі шектеулі 20 әйел арнайы оқудан өтті.