ҒАЛЫМЖАН АХМЕТОВТІ ЕСКЕ АЛУ ҚҰРМЕТІНЕ АРНАЛҒАН ТУРНИР ӨТТІ
Ішкі істер органдарының зейнеткері, отставкадағы полиция полковнигі Ахметов Ғалымжан Ахметұлын еске алу құрметіне «Динамо» спорт кешенінде шағын футбол мен волейболдан турнир өтті. Турнирдің ашылу салтанатына Оңтүстік Қазақстан облысы және Қызылорда облысы Ішкі істер департаменттерінің басшылығы, ішкі істер органдарының ардагерлері қатысты. Турнир Қазақстан полициясының 25 жылдығына орай Ғалымжан Ахметов атындағы қайырымдылық қорының ұйытқы болуымен өткізілді.
Ахметов Ғалымжан Ахметұлы Қызылорда облысы Жалағаш ауданында 1952 жылдың 16 қарашасында дүниеге келген. Ішкі істер органдарындағы қызметін 1980 жылдың маусым айында Қызылорда облысы ІІБ социалистік меншікті жымқырумен күрес бөлімінің ұйымдастырушылық-әдістемелік тобының инспекторы лауазымынан бастаған. Өзінің адалдығының, өз ісіне деген жауапкершілігінің арқасында әр жылдары жауапты қызметтерді абыроймен атқарып, Қызылорда облыстық ішкі істер басқармасының бірінші орынбасары лауазымына дейін көтеріледі. 2005 жылдың қаңтар айында ІІО қатарынан полковник шенінде құрметті еңбек демалысына шығады. Қызметтік міндетін мінсіз атқарғаны үшін бірнеше мәрте ҚР ІІМ-нің омыраулық белгілерімен, Қызылорда ОІІБ-нің құрмет грамоталарымен марапатталған Ғалымжан Ахметұлы 2014 жылдың 6 маусымында 62 жасқа қараған шағында өмірден озды.
Аталмыш турнирге құқық қорғау органдары, күш және басқа да арнайы құрылымдардың және жасы 40-тан асқан ішкі істер органдары ардагерлерінің құрама командалары қатысты.
Спорттық бәсекенің қорытындысы бойынша шағын футболдан І орынды Оңтүстік Қазақстан облысы Ішкі істер департаментінің құрамасы иеленсе, ІІ және ІІІ орындарды ҚР ҰҚК шекара қызметінің 2019 әскери бөлімі құрамасы мен Облыстық сот құрамалары бөлісті.
Ал волейболдан І орынды Оңтүстік Қазақстан облысы Ішкі істер департаментінің командасы қанжығасына байласа, Қызылорда облысы Ішкі істер департаменті құрамасы ІІ орынға, Облыстық сот құрамасы ІІІ орынға табан тіреді. Ал, ҚР ҰҚК шекара қызметінің 2019 әскери бөлімі «Жеңіске жігерлік танытқаны үшін» аталымы бойынша марапатталды.
Сонымен қатар, аталмыш турнир аясында ішкі істер органдарының ардагерлері волейболдан өзара бақ сынасып, нәтижесінде І орынды Оңтүстік Қазақстан облысы Ішкі істер департаменті ардагерлерінің командасы иеленсе, ІІ орынды Қызылорда облысы Ішкі істер департаменті ардагерлерінің командасы қанжығаларына байлады.
Жеңімпаздар мен жүлдегер командалар жарыс кубогымен, дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Қызылорда ОІІД баспасөз қызметі