КАНДИДАТТАРДЫ ҰСЫНУ МЕРЗІМІ АЯҚТАЛДЫ
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттарының кезекті сайлауын әзірлеу және өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарына сәйкес 28 мамырда Сенат депутаттығына кандидаттарды ұсыну мерзімі аяқталды.
Сайлау науқаны кезеңінде Қызылорда облысынан Парламент Сенатының депутаттығына барлығы 5 кандидат ұсынылды.
Осыған дейінгі өткен сайлау науқандарымен салыстырғанда: 2011 жылы 9 кандидат ұсынылса, 2014 жылы 6 кандидат сенатор болуға ниет білдірген. Осылайша, соңғы үш сайлау науқанындағы кандидаттардың Сенаттағы 1 орынға бәсекелесітігі, орта есеппен, 7 адам құрады. Ұсынылған үміткерлер Конституция мен Қазақстан Республикасы сайлау заңнамасының талаптарына толық сай келеді.
Кандидаттардың барлығы өзін-өзі ұсыну құқығын пайдаланған, мәслихаттардан кандидат ұсынылған жоқ. Ұсынылған кандидаттардың ішінде 1-і - әйел адам (20%).
Барлық кандидаттардың білімі жоғары. Мамандығы бойынша: 2-і оқытушы (1-і ғылымдар кандидаты мен докторы), 1-і дәрігер, 1-і саясаткер, 1-і инженер.
4 кандидат саяси партиялардың мүшесі болып табылады, 1 кандидат өзінің партияға мүшелігін көрсетпеген.
Барлық кандидаттардың ұлты – қазақ. Орташа жасы -55 жаста.
Қызмет түрі бойынша: 1 -і Парламент Сенатының депутаты, 2-і мемлекеттік органдар, ұйымдар, кәсіпорындар және мекемелердің қызметкерлері, 2-і коммерциялық құрылымдардың қызметкерлері.
Барлық кандидаттар өздерін қолдап таңдаушылардың қолдарын жинауға арналған қол қою парақтарын облыстық сайлау комиссиясына өткізді. Облыстық сайлау комиссиясының паспорт қызметінің мамандарымен бірігіп жүргізген қол қою парақтарындағы қолдардың растығын тексеруінің нәтижесінде рас болмай шыққан қолдар анықталмады.
Кандидаттардың барлығы тіркелу үшін таңдаушылардың өздерін қолдаған жеткілікті дауыс санына ие болды.
Сонымен қатар, Сенат депутаттығына кандидат ретінде тіркелу үшін үміткерлер тиісті аумақтық сайлау комиссиясына өзінің және жұбайының (зайыбының) табысы мен мүлкі туралы декларацияны тапсырғаны туралы мемлекеттік кірістер органының анықтамасы мен сайлау жарнасын енгізгенін куәландыратын құжатты тапсыруы қажет.
Бүгінгі күнге облыстық сайлау комиссиясы 3 кандидатты тіркеді.
Сенат депутаттығына кандидаттарды тіркеу процесі 7 маусымға дейін созылады, ал 8 маусымнан бастап барлық тіркелген кандидаттар сайлау алдындағы үгітке кірісе алады.
Қазіргі сәтте сайлау науқаны сайлау заңнамасы нормаларының талаптарына сәйкес жүріп жатыр. Облыстық сайлау комиссиясына осы сайлау науқанына қатысты өтініштер (шағымдар) келіп түскен жоқ.
Қызылорда облыстық сайлау комиссиясы