СУ САЛҒЫРТТЫҚТЫ КЕШІРМЕЙДІ
Суға түсу маусымы басталмай жатып-ақ адамдардың суда қаза болуы тіркелуде. Жақында Қызылорда қаласында Сырдария өзенінде екі оқушы суға батып кетті. Бірнеше балалар өзенге суға шомылуға келеді. Бірақ қайғылы жағдайға ұшырайды: олардың бірі суға батып кетіп, шыға алмай қалады. 2017 жылғы 24 мамырда Мерей шағын ауданы маңындағы Сырдария өзенінде "ОӨАЖҚЖ" ММ құтқарушылар күшімен №136 мектептің 8 сынып оқушысы Қызылорда қаласының тұрғыны 2002 жылы туылған А.Ж.-ға іздестіру жұмыстары жүргізілді. Алайда, үш күн бойғы құтқарушылардың іздестіру жұмыстары нәтиже бермей отыр .
Келесі қайғылы оқиға 2017 жылдың 25 мамырында Қызылорда қаласындағы «Пищевик» саяжайындағы Сырдария өзенінде орын алған. Шомылуға рұқсат етілмеген жерде шомылған бала, яғни 2008 жылы туылған А.Б. (№173 орта мектептің 3 сынып оқушысы) суға батып кеткен. Сол күні «ОӨАЖҚЖ» ММ құтқарушыларының күшімен мәйіт судан шығарылды.
Жыл басынан бері облыс су тоғандарында 6 адам суға кеткен. Оның үшеуі бала. Егер де әрбір адам өз өміріне және балаларының өміріне аса жауапкершілікпен қарар болса бұл статистикалық мәліметтердің болмауы мүмкін еді. Қарапайым талапқа сай емес, суға түсуге болмайтын өздері белгілеп алған жағажайларда суға түсуге, бос уақыттарын өткізуге көпшілігі құмар. Ал, өлген адамды қайтып тірілту мүмкін емес. Қызылорда облысы ТЖД Төтенше жағдайларды жою бөлімінің бастығы Бақтияр Тұрмановтың айтуынша қайғылы оқиғалардың себептері де әр түрлі. Көпшілігіне тән бір себеп жеңіл ойлап суға түсе саламын деп суға түсу. Суға түсуге болмайтын терең жерлерде, қатты ағыста суға түсу, қарапайым суға түсу ережесі талаптарын сақтамау, зардап шеккен адамға алғашқы дәрігерлік көмек беруді білмеу. Айталық, отбасымен демалысқа шығу кезінде тереңге кеткен адамды құтқара алмайды. Көбінесе ата-аналар суға түсуді білмейтін балаларын қараусыз қалдырады, құтқару тәсілдерін білмейді, алғашқы көмекті көрсет алмайды. Өзенге мас күйінде келіп түсетіндер де бар. Бұндай адамдар әдетте құтқарушылардың айтқан талаптарын тыңдамай, дөрекі сөйлеуі, ашушаңдық танытуы мүкін. «Сырдария сенің жеке меншігің емес, қай заңда мұндай суға түсуге болмайды деп жазылған…», – деп таң қалып, мазасызданады кей азаматтар. Жалпы жаз – сүңгуірлер үшін қарбалас кезең. Бұл уақыттарда олар күшейтілген дайындықта жұмыс істейді. – Адамдар суға қалай түсу керек, сіз оларға қандай кеңес берер едіңіз? – деп сұрады «Қоғам ТД» және «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасының журналистері Олжас Дәуіт пен Ғалымжан Жұманазар. – Ең алдымен суға түсуге рұқсат етілген орындарда суға шомылу керек және суға түсудің қарапайым қағидаларын естен шығармаған жөн, – деді Б. Тұрманов. – Суға түсер алдында жағада дем алып алған жөн, суға қызуқандылықпен түсуге болмайды. Суда дене құрысып қалмауы үшін алдымен денені сумен жуып алған жөн. Адам өзін жақсы сезінбесе суға түсуге болмайды, тамақты тойып алып суға түсуге болмайды. Тереңдігінен бейхабар жерге суға түсуге болмайды. Үлкен толқындарды көрсеңіз, онда суға түспеңіз. Жағадан алысқа кетпеңіз. Суға түсуге болмайды деген белгі қойылған жерде суға тұспеңіз. Құрысу баталса қорықпаңыз, көмекке шақырыңыз. Сізге қарай жүзіп келе жатқан құтқарушының қолынан қатты ұстап алмаңыз. Оған өзіңізді құтқаруға көмктесіңіз. Ал, зардап шеккен адамға көмектесетін болсаңыз, онда оны жағаға шығарып, аузын судан тазартыңыз, қолдан тыныс алдырыңыз. Әрине, суда еркін жүзу үшін суға түсуді меңгеріп барып суға түскен жөн. Оған қоса құтқарушылар денені шаршап, қалтырағанға дейін суға түсу зиян екен алға тартады. Суда көп уақыт бойы болу, денені тоңдырып, құрысуға дейін жеткізуі мүмкін. Жағадан алысқа суға түспеңіз. Өйткені өз күшіңізді есептемегендіктен қайғылы жағдайға тап болуыңыз мүмкін. Кәсіби мамандардың айтқан кеңестеріне құлақ түріңіз. Қайғылы жағдайға тап болмас үшін алдын алып жүрген жөн. Сол себепті құтқарушылар үгіт-насихаттық жұмыстарды да естен шығңармақ емес: оқушылар арасында сайыстар өткізеді, оқушыларға, кәсіпорындардағы адамдарға дәрістер оқиды, бейнероликтер, слайдтар көрсетеді, жадынама, үнпарақтар таратады.
Үгіт-насихаттық жұмыстар туралы «Оңтүстік өңірлік аэроұтқыр жедел құтқару жасағы» ММ басшысы Бақыт Ембергенов республикалық «Хабар» телеарнасында сөйледі. Бақыт Сағынбекұлы облыс тұрғындары мен қонақтарын суға түсу маусымында қарапайым судағы қауіпсіздік ережелерін сақтауды және балаларды су айдындарында үлкендердің бақылаусыз қалдырмауды сұрады.
Иә, үнпарақтар таратып, слайд көрсеткенмен, «сақтансаң, сақтайды» дегенді бір сәтке де естен шығармау керек екендігі еске түседі. Өз өміріңіз бен жақындарыңыздың өміріне деген жауапкершілік сезіміңіз жоғары болса, онда қайғылы оқиғалардың да аз болатыны сөзсіз.
Айгүл НҰРМАНОВА,
Қызылорда облысы ТЖД
Мемлекеттік тіл және ақпарат тобының
бас маманы