ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚ ОҚУШЫЛАРДЫҢ 95 % ЖАЗҒЫ ЛАГЕРЛЕРДЕ ДЕМАЛАДЫ
Міне, кезекті оқу жылы да аяқталды. Оқушылар жазғы демалысқа шығады. Ал, мектеп бітіруші түлектерді алда емтихандар мен ҰБТ күтіп тұр. Оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру мен ҰБТ сынағына біздің аймақтың дайындығы қандай? Осы орайда бүгін Өңірлік коммуникациялар орталығында облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Бағдат Бердәулетов БАҚ өкілдеріне баспасөз мәслихатын өткізді.
Облыс бойынша 6200 оқушы мектеп бітіріп жатыр. 4194 бітіруші түлек ҰБТ-ға қатысуға ниетті. Оның 419-ы «Алтын белгіге» және 217-і үздік аттестатқа үміткер.
Биылғы жылы мектеп бітірушілер үшін бітіру емтихандары мен жоғары оқу орындарына түсушілерге арналған жаңа форматтағы ҰБТ сынағы бөлек өткізілетін болады. Барлық мектеп бітірушілер орта білім туралы аттестат алу үшін мектеп базасында қорытынды аттестаттаудан өтіп, жоғары оқу орындарында білім алуға ниеттілер Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысатын болады.
- Облыс бойынша 29 мамыр мен 10 маусым аралығында 11 сыныптар үшін мемлекеттік қорытынды аттестаттау сынағы ұйымдастырылады. 12 маусымда мектеп бітірушілерге аттестат тапсыру салтанаты өтеді. 20 маусым мен 1 шілде аралығында жоғарғы оқу орындарында оқуды жоспарлаған, мемлекеттік гранттан үмітті мектеп бітіруші талапкерлер ҰБТ сынағынан өтеді. Аймақта ҰБТ кезінде 9 тестілеу пункті жұмыс жасайды. Қазіргі таңда барлық пункт қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталған, - дейді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Бағдат Бердәулетов.
Сондай-ақ жиын барысында Бағдат Бердәулетов оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастырудағы дайындық жұмыстарын баян етті. Оның айтуынша облыстағы барлық оқушылардың 95 пайызы жазғы тынығу орындарымен қамтылады. Оларға демалыс қала сыртындағы және облыстық саябақтарда орналасқан лагерлерде, мектеп жанындағы күндізгі тынығу лагерлерінде, тарихи орындарға, ЭКСПО халықаралық көрмесіне саяхат жасау түрінде ұйымдастырылады.
- Облыста жалпы 9 жазғы тынығу лагері бар, оның 6-ы жыл бойына жұмыс жасап келеді. Жазғы маусымда аталған лагерлерде 8740 бала демалу-сауықтырумен қамтылып отыр. Оның ішінде 4146 бала жалпыға міндетті оқу қоры есебінен демалмақ. Бұл мақсатта бюджетте 70 млн. теңге бөлінген. Қалған балалар демеушілер есебінен тынығады. Сонымен қатар, облыстан тыс аймақтарда орналасқан лагерлерде мұнай компаниялары мен басқа да кәсіпорындардың қолдауымен жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған, көпбалалы, тұрмысы төмен, мүмкіндігі шектеулі отбасылардан шыққан 13210 баланың демалуына жағдай жасалып отыр, - дейді басқарма басшысының орынбасары.
Фариза ОМАРОВА