«СӘНДІ» НӨМІРЛЕРДЕН 61 МЛН ТЕҢГЕ ТҮСТІ
«Жолдағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың 10 қадамы» жобасымен Сыр еліне келген сапары барысында қоғам қайраткері Мұрат Әбенов Қызылорда облысының мемлекеттік қызметтер агентігі сыбайлас жемқорлыққа қарсы департаменті өкілдерімен бірге «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Қызылорда облысы бойынша ХҚКО департаментінің мамандандырылған бөліміне барып, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.
Ол соңғы жылдары Қызылорда облыстық филиалында атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын беріп, қызмет көрсету бағытының қолайлы жүйеге қойылғандығын атап айтты. Әсіресе қызылордалықтар автокөлікке мемлекеттік нөмір алуда аса белсенділік танытып отыр, соның нәтижесінде соңғы бір жарым жылдың ішінде вип нөмерді сатудан мемлекет қазынасына түскен 61 миллион теңгеден астам қаржы түскен.
–Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің «Жолдағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың 10 қадамы» жобасы аясында құрылған мониторингтік топ еліміздің әр аймақтарына жол тартты. Мақсат мекемеде атқарылып жатқан жұмыстармен танысып, жергілікті халықпен жүздесу, - деді М.Әбенов.
Бүгінде азаматтарға мемлекеттік қызметтер көрсетуді дамытуға үлкен көңіл бөлініп, бұл бағытта көптеген іс-шаралар атқарылып отырғаны белгілі.
Осыған орай, 2015 жылдың 20 наурыздан бастап жүргізуші куәлігін беру және автокөлік құралын тіркеу мемлекеттік қызметтерін оңтайландыру үшін мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығы ашылды. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Қызылорда облысы бойынша ХҚКО департаментінің мәліметінше, қазіргі уақытта бұл салада да оң өзгерістер бар. Барлық дерекқор базалары мен мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін ықпалдастыру, сондай-ақ жүргізуші куәлігін беру және автокөлік құралын тіркеуді біріктіру нәтижесінде осы қызметтерді көрсету орташа есеппен 1 сағатқа дейін қысқартылды.
Мамандандандырылған ХҚКО ашылғалы бері барлығы 102 208 құжат қабылданған. Оның ішінде «Көлiк құралының сәйкестендіру нөмірі бойынша көлік құралдарының жекелеген түрлерiн мемлекеттiк тiркеу және есепке алу» көрсетілетін мемлекеттік қызметі бойынша барлығы 76337 құжат, «Жүргізуші куәлігін беру» көрсетілетін мемлекеттік қызметі 13864 құжат қабылданды.