ДІНИ БАСҚАРМА ЖЕРЛЕУ РӘСІМІНІҢ ОРТАҚ ТӘРТІБІН БЕКІТТІ
Қазақстандағы жерлеу рәсімдері мен құдайы ас беру тәртібі нақтыланды. Діни басқарма даярлаған “Жаназа және жерлеу рәсімдері” кітабында Ғұламалар кеңесі бекіткен пәтуалар жинақталған.
Көпшілікке таныстырылған жаңа еңбек ел аумағындағы сан ғасырлық жерлеу ғұрыптарын ескеріп, шариғат нормалары арқылы жаназа рәсімінің ортақ тәртібін ұсынады, деп хабарлайды 31 телеарна.
«Жаназа» кітабын шығарудағы негізгі мақсат – еліміз бойынша діни рәсімдерді бір ізге келтіру, ысырапқа жол бермеу, шариғатқа қайшы әдеттерге тосқауыл қою.
Одан өзге жаңа жинақта республика бойынша ас беру кезіндегі ортақ дастархан мәзірі бекітілген. Өйткені, облыс, аудандар былай тұрсын, көрші жатқан ауылдарда қайтыс болған адамды ақтық сапарға шығарып салу әр түрлі екен.
—Кітапты шығарғандағы мақсатымыз да діни рәсімдерді бір ізге келтіру, ысырапқа, шариғатқа қайшы әдеттерге жол бермеу. Қазір Ақтөбе, Павлодар облыстарында құдайы астың ортақ мәзірі бекітілді, – деді , ҚМДБ төрағасы Ержан қажы Малғажыұлы.