ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІКТЕРДІҢ ЖҰМЫСЫ БАҚЫЛАУҒА АЛЫНДЫ
Қаладағы қоғамдық көліктердің қозғалысын қадағалауға арналған орталықтандырылған диспетчерлік қызмет ашылады. Бұл туралы қоғамдық көліктерге жүргізілген рейд барысында Автобус паркі директорының орынбасары Қанат Рахметов мәлімдеді.
№1, №11, №17, №18 бағыттағы қоғамдық көліктердің жұмысын бақылау мақсатында Қызылорда облысы «Азаматтық Альянсы» қауымдастығы рейд ұйымдастырған болатын. Рейдте автобус салондарының тазалығы бақыланып, көше бойында жылдамдықты арттыру мен белгіленбеген орындарға тоқтаудың қауіптілігі туралы айтылды. Бақылаушылардың құрамында автопарк қызметкерлері, ҮЕҰ, Азаматтық Альянс қауымдастығының мүшелері мен БАҚ өкілдері бар.
- Жүргізушілер бір-бірімен жарысып, белгіленбеген орындарға тоқтап, көше қозғалысына қолайсыздық тудырып жатады. Оларға өздері тарапынан кеткен қателіктерге үнемі ескертулер жасалғанмен, оны кейбірі орындай бермейді. Осы жылдың шілде айында жаңа автобус паркі ашылып, орталықтандырылған диспетчерлік қызмет арқылы жүргізушілердің қозғалысы бақылауға алынатын болады, - дейді Қанат Рахметов.
Сондай-ақ, рейд барысында ұйымдастырушылар тарапынан қоғамдық көліктерге қатысты халықтан шағымын қабылдайтын сенім телефондарының номерлері автобустарға ілінді.