«ЖАС ҰЛАНДАҒЫ» СОҢҒЫ ҚОҢЫРАУ
«Жас ұлан» республикалық мектептерінде соңғы қоңырау соғылды ҚР Қорғаныс министрлігі сайтының мәліметінше, кеше Астана, Алматы, Қарағанды және Шымкент қалаларында шоғырланған «Жас ұлан» республикалық мектептерінің 749 түлегі үшін соңғы қоңырау соғылды.
Іс-шара «Жас ұлан» тәрбиеленушілерінің салтанатты сап түзеуі мен оқу мекемесінің туын алып шығу рәсімінен басталды. Осы салтанатта Астана қаласы 3- оқу ротасының жас ұланы Алекс Жұмағұлов барлық тәрбиеленушілердің атынан қамқорлық танытқан ҚР Қорғаныс министрлігінің басшылығына алғыс білдіріп, болашақта жасұландықтар атағын мен абыройына кір келтірмейтіндігіне уәде берді. Бүгінгі таңда «Жас ұлан» республикалық мектептерінде оқу мен спортта дарынды тәрбиеленушілер, облыстық, республикалық, халықаралық байқаулардың жеңімпаздары білім алып жатқанын айта кеткен жөн. Жасұландықтар «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиынына, мектеп пәндері бойынша көптеген халықаралық олимпиадаларға белсене қатысады. Биылғы жылы «Сардар» олимпиадасына 12 ұлан қатысты. Бұл сайыста олар барлық жүлделі орындарды иеленді.
2016 жылдан бастап еліміздің барлық республикалық әскери мектептері Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің бірыңғай қарамағына берілгенін естеріңізге сала кетейік. Білім ошағының біршама түлектері офицер атанып, қазіргі кезде Қазақстанның Қарулы Күштерінде және өзге де әлеуетті құрылымдарда қызмет етуде.