БІР КҮНДЕ 6 МЕКТЕП, 2 БАЛАБАҚША
Облыста бір күнде 6 мектеп пен 2 балабақша пайдалануға берілді. Бүгін Арал, Қазалы, және Қармақшы аудандарындағы мектептердің ашылу салтанатына ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев және Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев қатысты, деп хабарлайды baq.kz.
Арал ауданының Ескіұра, Үкілісай елді мекендерінде 50 орындық білім ошағы пайдалануға берілді. Қазалы ауданындағы Бірлік, Майдакөл, Лақалы ауылдары тұрғындары да жаңа мектептердің ашылу салтанатына жиылды. Қармақшы ауданының орталығы Жосалы кентінде «Ертөстік», «Айгөлек» балабақшалары жұмысын бастаса, Қуаңдария ауылында 140 орындық білім ошағы пайдалануға берілді.
Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев пен облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Қазалы ауданы Әйтеке би кентінде орналасқан Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейдің соңғы қоңырау салтанатына қатысты.
«Баршаңызды соңғы қоңырау күнімен шын жүректен құттықтаймын. Үлкен өмірге қадам басқан мектеп бітірушілерге сәттілік тілеймін. Бүгін бір күннің ішінде Қырымбек Елеуұлымен бірге 8 білім нысанының ашылу салтанатына қатыстық. Бұл – үлкен жетістік, бұрын болмаған жағдай», – деді министр Ерлан Кенжеғалиұлы.
«Болашағымыз балаларымыз үшін олардың заманауи технологиямен жабдықталған жаңа ғимаратта сапалы білім алуына барлық жағдай жасалуда. Біз соңғы жылдары бюджет қаржысын әлеуметтік салаға, соның ішінде білім саласына бағыттадық. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев алдымызға басты 3 міндет қойған болатын: үш ауысымдық және апаттық мектептерді жою және 3-6 жастағы бүлдіршіндерді балабақшамен қамту. Алдымен, 2015 жылы үш ауысымдық мектептерді түбегейлі жоюға қол жеткіздік. Содан соң, 2015 жылы 3-6 жас аралығындағы бүлдіршіндерді мектепке дейінгі тәрбиемен қамтамасыз етуді 100 пайызға орындадық. Енді экономикалық күрделі ахуалға қарамастан біз апаттық жағдайдағы мектептер мәселесі шешілгелі отыр. 2013 жылдың 1 қаңтарында 36 апатты мектеп болса, 2016 жылға дейін олардың 25-і салынды. Ал 2016 жылы жергілікті бюджет есебінен соңғы 11 апаттық жағдайдағы мектеп құрылысын бастадық. Міне, бүгін салтанатты түрде жаңа мектептер іске қосылып жатыр. Осымен, апаттық мектептердің проблемасы Қызылорда облысында толық шешілді деп санаймыз», – деді облыс әкімі Қырымбек Көшербаев.
Мәселен, Бірлік елді мекеніндегі мектеп апаттты жағдайда еді. Жаңбыр жауған күні оқу ордасының төбесінен су ағатын, тіпті, ғимараттың іргесі сөгіле бастаған.
Біздің мектепті 2001 жылы апатты деп таныған. Содан бері 16 жыл өтті. Бүгін жаңа мектеп есігін айқара ашты. Мектебімізде 135 оқушы оқиды. Қуанышымызда шек жоқ. Акт залы, спорт залы, қажетті кабинеттердің бәрі бар», - деді мектеп директоры Ерік Өмірзақов.