ҚАЗАЛЫДА ЖЕРГІЛІКТІ ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТІНІҢ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Қазалы ауданында облыстық мәслихаттың уақытша комиссия отырысы өтіп, онда жергілікті полиция қызметінің басым бағыттары мен құқықтық тәртіптің жағдайы туралы талқыланды.
Комиссия отырысына облыстық, аудандық мәслихат депутаттары, кент, қала, ауылдық округ әкімдері, мектеп директорлары мен тиісті мекеме басшылары қатысты.
Облыстық мәслихат депутаты, «Жан-Арай» ЖШС бас директоры Бағдаулет Махашов төрағалық еткен уақытша комиссия құрамында облыстық мәслихат аппаратының басшысы Мэлс Қосмамбет, облыстық Ішкі істер департаменті басшысының орынбасары Әмірбек Шаймағанбетов, облыстық ішкі істер департаментінің жергілікті полиция қызметі басшысының орынбасары Қуаныш Шүкіров бар.
Күн тәртібіндегі мәселеге байланысты хабарлама жасаған Қазалы ауданы әкімінің орынбасары Арман Қаржаубаев аудан бойынша 4 айда 219 қылмыс тіркеліп өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 19,2 пайызға төмендегенін жеткізді.
Жергілікті полиция қызметінің қызметкерлерімен жыл басынан бері 36 қылмыстың беті ашылды. Бөтеннің мүлкін жымқыру қылмыстары 174-тен 130-ға азайған. Оның ішінде, пәтер ұрлығы 28-ден 27-ге, мал ұрлықтары 54-тен 27-ге, алаяқтық 14-тен 6-ға және бұзақылық 18-ден 12-ге төмендеді. Адам өлтіру, қарақшылық, тонау және бопсалау қылмыстары орын алған жоқ.
Ал жол қозғалыс ережелерін бұзу мен қоғамдық қауіпсіздік желісі бойынша 4 айда 2002 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып 6,1 пайызға төмендеген.
Жыл басынан бері анықталған құқық бұзушылықтардың 643 дерегі бойынша салынған 5 млн 813 мың 060 теңге айыппұлдың 4 млн 754 мың 357 теңгесі өндірілді.