«ТАУ САМАЛЫ» ТУРИСТЕРДІ ШАҚЫРАДЫ
Жұрттың қарбалас тіршіліктен қолы босап, бір сәт демалатын мерзімі жаз да жақын қалды. Таза ауаға шығып, көңіл сергіткенді қалайтындар үшін биыл тағы бір демалыс орны іске қосылып отыр.
Жаңақорған ауданындағы жаңадан ашылып отырған «Тау самалы» демалыс аймағы аудан әкімдігінің бастамасымен қолға алынған. Барлық жағдайы жасалған кешен алғашқы туристерге қызмет көрсетуге дайын.
«Тау самалы» таза ауада отбасылық немесе корпоративтік шаралар өткізгісі келгендердің талабына сай келетін демалыс орны болмақ.
Туристік кешенге көлікпен Жаңақорған кентінен 15-20 минутта жетуге болады. Құттықожа ауылының шетінен орын тепкен аймаққа жеткізер жол да тақтайдай теп-тегіс. Демалушылар қауіпсіздігі үшін аумақ кене мен түрлі жәндіктерге қарсы улаудан өткен.
Жаздың аптабы қаланы қуырып тұрған ыстық мезгілде бұл жерде термометр +25 градусты ғана көрсетіп тұрады. Түнде салқын, күндіз қоңыржай, нағыз демалысқа таптырмас орын.
Кешендегі ағаштан құрастырылған баспаналар мен киіз үйлер, сәкілер сіздің демалысыңызды мәнді ете түседі. Мұнда жалға ат пен велосипед те беріледі. Айтпақшы, мобилді интернет те кідіріссіз жұмыс істеп тұр.
Балалар үшін мұнда арнайы бағдарлама ойластырылған. Жаңа ойын алаңдары олардың зеріктірмейді.
- «Тау самалы» демалыс аймағының ашылуын 1 маусым – балаларды қорғаудың халықаралық күніне орайластырып отырмыз. Бұл күні конкурстар, түрлі ойын мен концерт ұйымдастырылады. Мерекелік дастархан жайылады. Жоба бойынша мұнда автопаркинг, бассейн, сарқырама жасалады. Бастысы – демалыс аумағы демалушылар үшін ыңғайлы әрі қолжетімді болады, - деді аудан әкімі Ғ. Әміреев.