ҚЫЗЫЛОРДАДА ТАМШЫЛАТЫП СУАРУ ТӘСІЛІМЕН АЛМА БАҒЫ ӨСІРІЛУДЕ

«Соңғы жылдары ауылшаруашылық саласында кәсіп жасаймын деушілердің саны күрт өскені қуантады. Қыста Кәсіпкерлер Палатасына Сейдіғазы аға мен Клара апа келіп өз ойларымен бөлісті. Интенсивті алма бағы туралы естіп, биыл соны қолға алғысы келген екен. Кәсіпкерлер палатасында бұл кісілерге алма бағымен айналысқан жағдайда жеңілдікпен несие алу, субсидия алу жолдары туралы толық ақпарат берілді», - дейді Жасұлан Серіков.
Палатадан кеңес алғаннан кейін «Әлібаев» деген шаруа қожалығын ашады. Шиелі ауданынан жер алып, оны дайындайды. Оңтүстік Қазақстан облысынан жартылай карлик алмасының 3 түрлі ағашын 5 гектарға отырғызып, скважина қазып, су құятын бак алып орнатады.
Кәсіпкер алма бағын тамшылатып суғару жүйесіне қажетті құрал-жабдық алу үшін «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығына жобасын ұсыныпты. Ерлі-зайыпты Әлібаевтардың жобасын жан-жақты зерттеген Өңірлік инвестициялық орталық жобаның әлеуетін бағалай келе 6,5 млн.теңге несие беруге шешім қабылдады. Бүгінде шаруа қожалығына жобаның бірінші кезеңі үшін 3 млн.теңге несие берілді. Аталмыш қаржыға Әлібаевтар баққа қажетті жабдықтарды алып, егілген көшеттерге тамшылатып суғару тәсілімен су беруде.
Жақында Палата маманы Жасұлан Серіков шаруа қожалығының қазіргі жай-күйімен танысып келді.
«Ағаштар гүлдей бастапты. Енді кәсіпкер Өңірлік инвестициялық орталықтан берілетін қалған қаржыны күтіп отыр. Аталмыш қаржыға бақтың сыртын қоршап, шпалер, қосымша скважина орнатпақшы. Айта кететін жайт, интенсивті алма сорттары екінші жылдан бастап жеміс бере бастайды. Осындай алма бақтары көбейсе, сырттан келетін өнімдердің орнын басатыны анық», - дейді Жасұлан Серіков.
«Әлібаев» шаруа қожалығына жергілікті атқарушы орган тарапынан да қолдау берілуде. Әкімдік алдағы уақытта алма бағына субсидия беру туралы шешім қабылдауда.
Қызылорда облысы
кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі
