КЕНЕГЕ ҚАРСЫ ДӘРІЛЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ
Бүгін Өңірлік Коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен аймақта Конго-Қырым безгегінің алдын-алу бағытында жасалып жатқан жұмыстарды ақпараттандыруға арналған баспасөз-туры өтті.
Журналистер Жалағаш ауданы Ақсу ауылындағы қауіпті кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстарымен танысты. Улау жұмыстарын «Сервис Дезо» медициналық мекемесі жүргізуде.
Облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің ресми мәліметіне сәйкес, 2017 жылдың эпидмаусымында аймақта қоздырғыштары таралған қолайсыз аймақ болып 117 елді мекен анықталған.
Жалпы аудан бойынша 10 елді мекенде көктемгі кенеге қарсы дәрілеу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күнге залалсыздандыру бірінші айналым толықтай аяқталып, екінші легі басталуда. Жалпы көлемі 297 111 шаршы метрді құрайтын 3 550 қора, 46 591 мал залалсыздандыруда.