ДЕПУТАТ САЙЛАУШЫЛАРДЫҢ МӘСЕЛЕСІН ТЫҢДАДЫ
«Нұр Отан» партиясының «Есіктен – есікке» акциясы аясында Қызылорда облыстық мәслихат депутаты, партия мүшесі Жорабек Нұрымбетов сайлаушылардың үйлерін аралады.
Акция аясында халық қалаулысы Елбасының Қазақстан халқына арнаған Жолдауынан туындайытын міндеттер мен «Нұр Отан» партиясының басым бағыттарын, партия доктринасының құндылықтарын әңгімеледі. Тұрғындардың мәселелерін тыңдап, материалдық көмек көрсетті.
Олардың бірі Тасбөгет кентінің тұрғыны Бауыржан Таиров. Ол бала кезінен арбаға таңылған. Мүмкіндігі шектеулі жан жекешеленген көпқабатты жатақханада тұрады. Бұған дейін туысқандарының үйін де паналаған ол нұротандықтардың тікелей қолдауымен үйіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілгендігін айтты.
- Мені алаңдатқан мәселелердің дер кезінде шешімін табуына мүмкіндік жасап, әрдайым қол ұшын беретін «Нұр Отан» партиясына әрқашанда алғысым шексіз, - дейді ол.
Депутат кент тұрғыны Анар Ақбергенованың үйіне барды. Жалғызбасты ана үш баланы тәрбиелеп отыр. Кенже баласы мүгедек. Анардың өзі жұмыссыз. Отбасы балаларға берілетін жәрдемақыға күн көріп отыр. «Нұр Отан» партиясының депутаты көмекке зәру отбасыны бақылауына алды.
- Мұндай акциялар депутаттар үшін өте маңызды. Себебі, кездесу барысында сайлаушыларымызды көзбен көріп, елді алаңдатқан мәселелерді халықтың өз аузынан естуге мүмкіндік бар. Яғни, әлеуметтің тамырын тап басып, нақты жағдайды таразылап, сол арқылы біз атқарушы орындарға өз ұсынысымызды жасаймыз, – деді Жорабек Нұрымбетов.