ИИНОВАЦИЯЛЫҚ МЕКТЕПТІҢ ҮЗДІК КІТАПХАНАШЫСЫ
Қызылорда облысының әкімдігі мен «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ-мы арасында жасалған 2017-2018 жылдары Кызылорда облысы білім беру ұйымдарына тәжірибені тарату жоспарына сәйкес Қызылорда қаласы Назарбаев Зияткерлік мектебінде алғаш рет «Инновациялық мектептің үздік кітапханашысы» байқауы өткізілді.
«Жаңартылған білім мазмұнына сәйкес педагогтар мен кітапхана қызметкерлері үздіксіз серіктестік қарым-қатынаста болуы қажет. Бүгінгі іс-шарада инновациялық мектептердің кітапханашылары өз біліктіліктерін көрсетіп, заманауи кітапханашы қандай болу керектігі, оқушыларды кітап оқуға баулу бағытында заманауи әдіс-тәсілдерімен бөлісті, - дейді Қызылорда қаласы Назарбаев Зияткерлік мектебі директорының орынбасары Дариха Мұнарбаева.
Аталмыш байқауға Қызылорда, Арал, Жалағаш, Қазалы аудандарының пилоттық және инновациалық мектептерінен 11 кітапханашы қатысуға ниет білдірді.
Байқау шарттары бойынша қатысушылар төрт тапсырмада бақ сынасты. Бірінші кезеңде қатысушылар «Оқушылармен әңгіме», «Мұғалімдермен әңгіме» тақырыптары бойынша бейнефильмдер көрсетті. Екінші кезеңде кітапхана қызметкерлері өзекті мәселелер бойынша түрлі ситуациялық жағдаяттарды шешу арқылы шешендік өнерлерін паш етті. Үшінші кезеңде қатысушылар оқушылар арасында кітап оқуға деген қызығушылығын арттыратын ашық іс-шаралар өткізді. Соңғы кезеңде қатысушылардың портфолиолары, әдістемелік нұсқаулықтар, кәсібилігін дәлелдейтін түрлі құжаттарын арнайы көрмеге қойды.
«Бүгін біз бір бірімізден тәжірибе алмастық, бөліскен тың идеяларды алдағы уақытта өз тәжірибемізде пайдаланатын боламыз. Жалпы біздің - кітапханашылардың мақсаты балаларды өз еркімен кітапхана келіп, кітап оқуға тарту болып отыр. Осы орайда кітапханашылар бүгінде жан-жақты дамып, ізденімпаздықпен жұмыс жасап жатыр. Оқитын қоғам ғана бәсекеге қабілетті ел бола алады», - дейді Жалағаш кентінен келген қатысушы Феруза Досанова.
Сайыс қорытындысы бойынша, 3 орынға Арал қаласының №262 мектеп-гимназиясының кітапханашысы Айнұр Отаралиева және қаладағы №5 мектеп-лицейінің кітапханашысы Алтын Қойшыбаева лайықты деп танылды. Ал облыстағы №212 мектеп-гимназиясының кітапхана меңгерушісі Гулзифа Тлепбергенова жүлделі екінші орынды иеленді. Жалағаштан келген қатысушы Феруза Досанова 1-ші орынға тұрақтаса, теориялық біліктілігі және кәсіби практикасының үздік жұмыстарымен ерекшеленген Сәуле Әбішева байқаудың бас жүлдесін жеңіп алды.
Барлық жеңімпаздар дипломдармен және сыйлықтармен марапатталады. Алдағы уақытта мұндай шаралар дәстүрлі түрде өткізілетін болады.